Бейсенбі мен жұма күні Атырау қаласында мектеп оқушыларының арасында өткен «Махамбет оқулары» шығармашылық байқауының республикалық кезеңі өз мәресіне жетті.
Бес бағыттан тұратын дәстүрлі додада еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас жырсүйерлер ақын шығармаларын жатқа айтып, рухты поэзияны дәріптеді.
Осы байқаудың «Ел құтқарар ер едім…» атты ақын шығармаларын жатқа, мәнерлеп оқу бағыты бойынша Новобогат орта мектебінің 11-сынып оқушысы Жігер Өтепқали облыс намысын қорғады. Ақынның 90 өлеңін жаттап, мазмұнын терең түсініп, көркем мәнерде жеткізген жас өрен республикалық додада жүлделі ІІ орынды иеленді.
Жігердің шығармашылық табысына бағыт-бағдар беріп, дайындық барысында ұстаздық қолдау көрсеткен жетекшісі — қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Бибігүл Төлеуова осы ақжолтай хабарды жеткізген еді.
– Жігер биыл бұл байқауға үшінші рет қатысып отыр. Дайындыққа өз ынта-жігерімен құлшана кірісті. Өзі алғыр, пысық оқушы. Түрлі байқауларға қатысу арқылы өзің шыңдап, жетістіктерге де жетіп жүр,- дейді ол бізбен болған әңгімесінде.
Бұл жетістік – жас талант пен ұстаз еңбегінің жемісі ғана емес, аудан мектептеріндегі әдебиетке деген қызығушылық пен рухани ізденістің айғағы болды.
Сағыныш Қайыр