Мақсат Ғарифулла елдік сыннан есе жібермеді

Жуырда, еліміздің барлық аймақтарында жалпы білім беретін пәндер бойынша 5-6 сынып оқушылары арасында  олимпиада өтті.

Оған Ж.Мырзағалиев атындағы орта  мектебінің 5 сынып оқушысы Мақсат Ғарифулла аудандық, облыстық кезеңдерден өзін жақсы деңгейде көрсетіп, республикалық кезеңде бақ сынады. Ол 345 оқушы қатысқан бұл сайыстан ағылшын пәні бойынша жүлделі 3 орынға иеленіп, мерейімізді үстем етті.Әрине, осындай үлкен жетістіктің артында тәлім-тәрбиесімен бағыттайтын,қолдайтын, нұсқаушы ұстаздың да рөлі орасан. Осы орайда біз жүлдегер оқушының жетекшісі Иманбек Ғанибекұлымен байланысқа шығып, тілдескен едік.

-Оқушым бастауыш мектептен бері ағылшынға деген қызығушылығы мол, зерек бала. Ағылшын пәнімен қатар, математика сабағынан да өте алғыр. Жалпылай айтқанда, сынып үздігі қатарында әрқашанда белсенділік танытатын  дарынды оқушы. Олимпиада дегеніміз не? Бұл жаңаша форматтағы өзінің бірнеше кезеңдері бар, яғни мектепішілік, аудандық, облыстық, республикалық кезеңдер болып бөлінетін, оқушылардың мектеп пәндерінен білімін зерделейтін, сынайтын бірден бір тесттік жүйесі бар сынақнама. Әрине, қай кезеңде оңай болмайтыны шындық. Әрбір кезең өзінше күрделене береді. Соған сай  біз бірге дайындалдық. Сол мектепшілік олимпиадаға ерте өз еркімен  дайындала бастады. Өйткені, мектепшілік кезеңнен өту де оңай шаруасы емес. Бұл жерде бәсекелестік көп болады. Олардан озып, алға шығу- біз үшін үлкен сынақ әрі тәжірбие болды. Сөйтіп, аудандық сыннан да сүрінбей өттік. Ендігісі облыстық кезең, бұл жолы да бізге оңай түспеді. Ғаламтордан түрлі материалдарды қарап, қашықтан телефон арқылы онлайн тапсырмаларды орындап, облысқа да барып бағымызды сынадық.  Атырау қаласындағы “Silkway” атты қазіргі заманғы жеке мектептің оқушысымен тең балл (37) жинап, 1 орынды тең бөлістік. 
Және ол ағылшын тілін де сөйлеушілер немесе американдық, филиппин сияқты өзге шетелдік азаматтар дәріс беретін мектептердің бірі. Соған қарамастан сол мектептің оқушыларымен тең балл жинап, республикаға жолдама алғанымыз біз үшін үлкен жеңіс болды. Осылайша, байрақты бәсекеден бағымыз бен бабымыз тең шауып, Республикадан жүлделі үшінші орынмен олжалы оралдық-дейді жетекшісі.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521