МАҚТАУЛЫ МАЛБЕЛГІ МҮТИЕВ немесе абыройлы еңбекті ардақтаған кітап

Өткен аптада Қамысқала ауылдық  мәдениет үйінде республикаға еңбегі сіңген ауыл шаруашылығы қызметкері, Ленин және «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері, Исатай ауданының Құрметті азаматы Жұмабай Мүтиұлының ғибратқа толы өмірі жайлы баспадан шыққан «Маңдай тер» кітабының тұсаукесері  өтті. Кітаптың авторы – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, мемлекеттік қызметтің ардагері, өлкетанушы Мәди Өтеғалиев.

 Мүти Байғазыұлы Орпа ауылдық советінен соғысқа аттанғанда, артында қалған алты, төрт жастағы және жасқа толмаған 3 баласын жұбайы Мұхсина бауырына қысып қала берді. Ортаншысы Жұмабай ұжымшардағы сауыншы анасына қолғанат болды, қаршадайынан бұзау бақты, шөп шапты, қой бағысты, егінге көмектесті. Кәмелетке толғанында ауыл басшылары еңбекқор, тындырымды балаға бір отар қойды сеніп тапсырды. 1956 жылдан басталған шопандық еңбек жолы қырық жылға ұласып, елімізде екінші тың саналған – қой шаруашылығын өркендету ісіне елеулі үлес қосты. Қозы алуда облыс бойынша алдыңғы қатардан көрінді, жоғары мемлекеттік наградаларға, құрметті атақтарға ие болды. Қой өсірушілер арасында озат тәжірибесі таратылды. Ол құм өңірінде қолмен құдық қазудың, күздегі қой шағылыстыру ісінің білгірі атанды. 13 жыл қатарынан қой өсіруші комсомол-жастар бригадасына ұстаз-тәлімгерлік етіп, ауыл жастарын ата кәсіпке баулыды.

Мақтаулы малбегі өткен ғасырдың 90-жылдарының басында алғашқылар қатарында шаруа қожалығын құрса, ол істі бұл күнде ұлы Бекболат жалғастыруда. Жұмекең мен жұбайы Збираның жастары 90-ға таяды, олардан өрбіген 10 ұрпақ-та дін аман.

Кітапта кейіпкердің өмір көшіндегі бастан кешкен қиындықтары, сол кезде бала да болса, жол таба білген өрлігі мен пысықтығы, қой баққан кезде үнемі биік табысқа жетуінің құпиялары мен сырлары көркем тілмен баяндалып, өлке тарихы, жер атаулары, ел есіндегі ұмытылмас тұлғалар туралы ой-толғаныстарымен ұштастырылған. Оқырман шаруа адамы болғанмен Жұмекеңнің көкірегі ояу, зерделі, жадында сақтағаны мен көргені көп, айтары бар, парасатты азамат екенін айқын аңғарады.

Тұсаукесер рәсімінің бастауында ұзақ жылдар Исатай ауданын басқарған мемлекеттік қызметтің ардагері Зұлбұхар Сүйнешов пен Қамысқала ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы, өлкетанушы Бекболат Мусин кітаптың мазмұны мен оқиғаларын, тәрбиелік мәнін айта отырып, таныстырылымын жасады. Кітаптың тұсауын да осы екі ардагер кесті. Жұмекең ұрпақтары олардың иығына шапан жапты.

-Мәдидің бұл «Маңдай тер» кітабы кешегі заманда қоғам үшін жан аямай еңбек еткен «Новобогат» кеңшарының жүздеген шопандарына арналған ескерткіштей көремін. Жұмабай ағамыз – соның басындағы үлкен тұлға, - деді Бекболат Мусин.

Бұдан әрі шараны жүргізуші Саябек Шагиров кітаптың авторы мен кейіпкеріне сұрақтар қойды. «Кітаптың жазылу идеясы қайдан шықты?» деген сұраққа Мәди Өтеғалиев:

-Мемлекет басшысының «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» деген қағидалы сөзіне Жұмабай Мүтиұлының өмір жолы толық жауап береді. Осындай құндылықты ұрпақ санасына сіңіре білу әділ қоғам орнауына себепші болады деп ойлаймын. Кітап осы ойдан және ұрпақтарының ұсынысынан туды, - деді.

«Сіздің табан ізіңіз қалған осы ауылдың өзінде ресми тіркелген 70 шамалы шаруа қожалығы мал өсіріп жатыр. Оларға қандай тілек айтар едіңіз?» деген сауалға Жұмабай ата ағынан жарылып, былай деді:

-Адамға бақыт та, абырой-бедел де еңбекпен келеді. Ол үшін маңдай терлеп жұмыс істеу керек, оңай ештеңе жоқ. Кеңшар кезінде малшы болғанның бәрі бір-бірінен үйреніп, бір-бірінен қалмауға тырысып, еңбек етті. Сол адал еңбектеріне қарай марапат алды, табыс тапты. Қазір мал шаруашылығымен айналысудан жастар қашады. Себебі, бұл шаруада ыстық-суыққа төзуің керек және бір-бірінен айнымайтын сүреңсіз күндерге көндігіп, жалықпауың қажет. Бұған көбі шыдамайды. Ал мен үшін мал бағу – қиындығы мен қызығы қатар жүретін іс. Бәрінен бұрын кең даланың ауасы мен еркіндігіне не жетсін, шіркін! Бүгінде елде жұмыссыз қалып жатқандар қаншама? Ал өз жеке малың болса, соның күйін күйттеп, басқаға басыңды ауыртпайсың. Тамағың тоқ, нәпақаң да мол болады.

Осы малдың арқасында Жұмекеңнің отбасы ешкімге масыл болған емес, жақсы тұрмысқа қолы жетті. Жетімдіктің дәмін ерте татқан ол өзінің еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында жастай аты шықты, жасында кеудесіне орден тақты. Ешқашан елдің ала жібін аттамады, адамгершілікті жоғары ұстады. Қаншама қиындықтарға төтеп беріп, ұл-қыздарын өсірді, оларға мамандық алып берді. Қазір балаларынан тараған ұрпақтары жинала қалғанда, Құдай көпсінбесін, үйге симайды. Бұл да қарапайым еңбеккердің өнегесі емес пе?!

Қамысқалада өткен шараға қатысқан ауыл тұрғындары әңгіме барысынан үлкен әсер алды. Оған Исатай ауданының әкімі Нұрым Бекежанұлы және аудандық мәслихаттың төрағасы Аманжол Идеятоллаұлы қатысып, жүрекжарды лебізін білдірді, құттықтау хат табыс етті. Ал Қамысқала ауылдық округінің әкімі Рафиғат Тәжиденова Атырау облысы ардагерлер кеңесінің  ұйғарымымен берілген «Атырау облысының ардақты ардагері» төсбелгісін табыстады. Сахнаға Меңдекен немересі кішкентай Диас шығып:

Қолға қамшы аламын,

Еңбек еткен тер төгіп,

Мен де атамдай боламын,- деп тілегін білдірді.

Шара аяғында залдан сөз сұраған ауыл ардагері Владимир Зұлхашевтың: «Новобогат» кеңшарында бірталай жүйріктер болды, соның ішінде Жұмабай «бір Жұмабай» болды ғой. Бірге жұмыс істедім, бәрі көз алдымда. Шопандығынан басқа, қонақжайлығы қандай еді?! Оның өмірінің кітапқа айналғанына қуаныштымын. Жастар білсін, үлгі алсын,-деуі «Маңдай тер» кітабы тұсаукесерінің түйініндей болды. Біз де  кешегі дәуір ардагерлерінің осындай өнеге-үлгісі арқау болған «Маңдай тер» кітабын жастарымыз да,үлкендеріміз де ой тоқтатып оқитынына сенімдіміз.

 

Жұлдыз СЕМБИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521