Мал ауырса - жан ауырады

 

Ауылдың тынысы төрт түліктің күтімімен өлшенеді. Мал аман болса, елдің еңсесі биік, ырысы орнында. Ал сол амандықтың артында көзге көп көріне бермейтін, бірақ ең жауапты міндетті арқалап жүрген ветеринар мамандарының еңбегі жатыр. Олар үшін әрбір малдың саулығы – елдің байлығы, әрбір алдын алу шарасы – халықтың қауіпсіздігімен тең. Сондықтан да ветеринария – жай ғана қызмет емес, ауыл тіршілігінің өзегін ұстап тұрған маңызды сала. Ауданда бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты жүйеге қойылған. Мал індетінің алдын алу, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – күн тәртібінен түспейтін міндет. Осы тақырып төңірегінде біз «Атырау облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының Исатай аудандық ветеринариялық стансасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны басшысы Асланбек Шариповпен сұхбаттасқан едік.

– Ең алдымен ауданның ветеринариялық қызметі жөнінде қысқаша тоқталып өтсеңіз.

– Ветеринариялық қызметтің негізгі мақсаты – жануарларды түрлі аурулардан қорғау, адам мен жануарларға ортақ індеттердің таралуына жол бермеу және халықтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл бағыттағы жұмыстар аудан көлемінде «Эпизоотияға қарсы іс-шаралар жүргізу» атты бюджеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылады. Бағдарлама шеңберінде жануарлар арасында ауруларды анықтау, алдын алу және диагностикалық шаралар жос-парлы түрде өткізіліп келеді. Аталған жұмыстарды біздің аудандық ветеринариялық станса және ауылдық округтердегі ветеринариялық пункттің мамандары атқарады. 

– Иә, түсінікті. Ал енді осы жұмыстың нәтижесін айқындайтын маңызды көрсеткіш – ауданның эпизоотиялық жағдайы ғой. Қазіргі таңда ахуал қандай деңгейде?

– 2025 жылға жоспарланған барлық профилактикалық және диагностикалық іс-шаралар белгіленген кестеге сай толық орындалуда. Үстіміздегі жылдың 9 айының қорытындысы бойынша мүйізді ірі қара малдан – 25 758, ұсақ малдан – 49 969, ал түйеден – 4 770, жалпы саны 80 497 бастан қан сынамасы алынды. Зерттеу нәтижесінде 67 бас ірі қара малдан бруцеллез ауруы анықталды. Оның ішінде 66-сы Зинеден ауылдық округінде, ал 1-еуі Исатай ауылдық округінде тіркелді. Ауру анықталған малдар ветеринариялық талаптарға сай санитариялық жағдайда сойылып, жойылды. Бұл жұмыстар Атырау қаласындағы «Гайсин О.У.» және Құрманғазы ауданындағы «Құрманғазы СДО» серіктестіктерімен жасалған меморандум аясында ұйымдастырылды. Мұндай шаралар індеттің таралуына жол бермеуге және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық қауіп-сіздігін сақтауға бағытталған. Жалпы алғанда, қазіргі уақытта ауданның эпизоотиялық ахуалы тұрақты деп бағаланады.

 

Жалғасы газеттің №43 (4256) санында

 

Камилла КАКИМҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT