Мал азығы молайды, егін өнімдері де сатылуда

Қыстақты ойдағыдай өткізу - шаруа баққан ел үшін басты нысана. Ал аудан бойынша алдағы қыстаққа барлығы 73140 тонна шөп, 2700 тонна құрама жем қажет делінді.

Өткен қыстан қалған 2514 тонна пішеннің сыртында биыл дайындалуы керектігі 70626 тонна екен, оның 60 пайызы (42376 тонна) көршілес облыстар мен аудандардан жеткізіліп, 40 пайызы (28250 тонна) аудан аумағынан дайындалады деген есеп те жасалған-ды. Қажетті құрама жем Батыс Қазақстан, Ақтөбе, сондай-ақ Қостанай облыстарынан тасымалданбақшы болған.

Енді міне, қыс та қыр астына келді. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінен алынған қыркүйектің 25-іне дейінгі мәліметке қарағанда, барлық жеке тұрғындар мен шаруа қожалықтары бойынша дайындалуға тиісті пішеннің 67800 тоннасы дайындалған, оның 42211 тоннасы жеке тұрғындар үлесінде болса, 28415 тоннасы шаруа қожалықтарына тиесілі. Науқан барысында ауылдық округтер бойынша иелігінде «КамАЗ» автокөліктері бар жеке кәсіпкерлердің көрші ауданнан мал азығын тасымалдап сатуы да, теңіз жағалауынан, қыр өңірінен құрақ, қара шөп шауып, сатуды ұйымдастырып отырған жекелеген тұрғындар мен шаруа қожалықтарының қарекеті де құптарлық іс екенін айта кетуіміз керек. Мәліметтерде көрсетілгендей, жергілікті жерден дайындалған бір пішен орамасы – 5000 теңге, бір машина бос шөп бағасы – 40000 теңге, көршілес Құрманғазы ауданынан жеткізілген пішеннің әр орамы 4000-4500 теңге, 1 тонна кебек жемнің сатылу бағасы – 16000 теңге, осы көлемдегі құрама жемнің құны – 45000-50000 теңге, сұлы, бидай тоннасы 50000 теңге тұрады.

Қолдағы мәліметте биыл ауданда егін егушілер қатары да арта түскені көрініс береді. Осы кәсіппен айналысушы жеке тұлғалар мен шаруа қожалықтары барлығы 45,6 га жерге егін салған. Оның 17,6 гектарына көкөніс, 8 гектарына бау-бақша, 20 гектарына жоңышқа және судан шөбі егіліп, оларды дәстүрлі, тамшылатып, жаңбырлатып суару тәсілдері қолданылыпты. Нәтижесінде базар сөрелері мен жәрмеңкелерде жергілікті көкөніс, бау-бақша өнімдері биыл көптеп сатылуы бәрекелді дегізер бір жетістігіміз деуге болғандай.

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521