Биылғы қыстың, соның ішінде қаңтардың қатал мінезі аудан шаруаларына оңай тиген жоқ. Аудан бойынша есепке алынған төрт түлік саны 116,5 мың басқа жеткенімен, бұл көрсеткіштің артында әр ауылдың, әр шаруаның өзіне тән қиындығы жатқаны да көрініс берген шақ осы. Соның бірі – Қамысқала ауылдық округі бойынша биылғы 1 қаңтардағы ресми мәліметке сүйенсек, аталған округте 5741 мүйізді ірі қара, 6774 жылқы, 2070 түйе, 5952 қой-ешкі тіркелген. Қаңтар айында ауа райының күрт өзгеруі осынша малдың иелері - шаруаларды тығырыққа тіреді. Алдымен жаңбыр жауып, артынан қар түсуі салдарынан жердің беті қалың мұздаққа айналды. Түзде жайылған малдың тебіндеуі қиындап, соның салдарынан мал шығыны орын алған.
Шаруалар арасында жинақталған бейресми ақпаратқа сүйенсек, қаңтар айында аталған ауылда 50 бастан астам жылқы өлген. Мал иелері мұндай шығынға дәл осы табиғи құбылысты себепші деп есептейді. Ал аудандық әкімдік берген ресми ақпаратта учаскелік ветеринар дәрігерлермен ресми түрде акт жасалмаған.
Мамандардың мәліметіне сүйенсек, ауданда 2025–2026 жылдарға арналған мал қыстату маусымына дайындық жүйелі түрде жүргізілген. Жалпы алғанда, қысқы кезеңге 80,5 мың тонна пішен қоры қалыптастырылған. Оның 10 мың тоннасы өткен қыстан өтпелі қор ретінде сақталса, 70,5 мың тоннасы былтырғы мал азығын дайындау науқаны барысында жиналған.
Назар аударарлық жайт – дайындалған мал азығының басым бөлігі сырттан тасымалданады. Атап айтқанда, жалпы көлемнің 69,3 пайызы немесе 49,2 мың тоннасы Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарынан, сондай-ақ көршілес Құрманғазы мен Қызылқоға аудандарынан жеткізіліп жүр. Бұл дерек ауданның мал азығы бойынша әлі де сыртқы нарыққа тәуелді екенін аңғартады. Ал қалған 30,7 пайызы (21,7 мың тонна) ауданның өз аумағынан — құм өңірлерден, теңіз жағалауы мен каналдар бойындағы шабындықтардан дайындалған. Бұл ішкі әлеуеттің бар екенін көрсеткенімен, оның үлесі жеткіліксіз екені байқалады. Мал азығын дайындау жұмыстарына 26 бригада, 53 шөп шабу техникасы (оның ішінде 26 трактор мен 28 тіркеме) тартылып, барлығы 73 адам еңбек еткен. Бұл көрсеткіштер науқанның ауқымды әрі ұйымдасқан түрде өткенін дәлелдейді. Дегенмен техника мен жұмыс күші санының мал басының көлеміне сай келуі – алдағы жылдары жіті назар аударатын мәселе. Жекелеген шаруашылықтардың заманауи әдістерге бет бұруы да үміт сыйлайды. Мәселен, «Ерасыл» шаруа қожалығы жаңбырлатып суару технологиясын енгізіп, 67,6 гектар жерге жоңышқа еккен. Бұл – табиғи шабындыққа тәуелділікті азайтып, өнімділікті арттыруға бағытталған тиімді қадам.
Жалпы алғанда, ауданның мал қыстату маусымына дайындығы көңіл көншітеді. Алайда сырттан тасымалданатын пішен үлесінің жоғары болуы, ішкі мал азығы базасын күшейту қажеттігін айқын көрсетіп отыр. Сондықтан суармалы егіншілікті дамыту, көпжылдық шөп егу көлемін ұлғайту және шабындық жерлерді тиімді пайдалану – алдағы кезеңнің басты міндеттерінің бірі болмақ. Бұл тұрғыда шаруалар «Малдың азығы жеткілікті болса, қандай қыс болса да аман шығуға болады. Алайда соңғы жылдары субсидияның тоқтатылуы шаруашылыққа үлкен соққы болып тиді. Шөп пен жемнің бағасы қалтаға қатты батып тұр» дейді.
Иә, ресми деректерге сүйенсек, 2024 жылдан бері облыс аумағында мал азығына арналған субсидия қарастырылмаған. Мамандардың түсіндіруінше, жемшөпке берілетін субсидия міндетті мемлекеттік қолдау тізімінен алынып тасталған. Жергілікті атқарушы орган тек шөп шықпай, төтенше жағдай тіркелген жағдайда ғана көмек көрсете алады. Қазіргі таңда облыста жаппай шөп шықпай қалу қаупі байқалмайды. Керісінше, соңғы жылдары судың мол келуіне байланысты көптеген аумақта шөп бітік шыққан. Осы себепті бұл бағытқа қаржы бөлу тиімсіз деп танылып, биыл мал азығына субсидия мүлде қарастырылмаған екен.
Нарықтағы бағаның өзі шаруаларға оңай соғып отырған жоқ. Теңіз жағалауы мен Құрманғазы ауданынан тасымалданатын бір орам шөптің бағасы 9000 теңгеге жетсе, Қызылқоға өңірінен әкелінетін шөп 12 000–14 000 теңге аралығында сатылуда. Ал 20 келі кебектің құны 2600 теңге болса, 25 келі тартылған бидай 3400–3600 теңге шамасында. Аудан орталығы мен елді мекендерде осы бағада шөп сатып жүрген кәсіпкерлер бар.
Қалыптасқан жағдайға байланысты аудан әкімдігі жағдайды тұрақтандыру мақсатында бірқатар нақты шараларды қолға алды. Атап айтқанда, мал азығын дер кезінде жеткізу және бағаның шарықтауына жол бермеу мәселесі күн тәртібіне шығарылған.
– Аудан әкімдігі өндірістік кәсіпорындармен бірлесіп арнайы техникалар арқылы көршілес өңірлерден арзан бағадағы мал азығын тасымалдау жұмыстарын бастағалы жатыр. Мал бағып отырған азаматтардың арасынан қажетті жем-шөпті сатып алу үшін арнайы оператор тағайындау арқылы бұл жұмысты жүйелі түрде жүзеге асыру жоспарлануда. Сонымен қатар жем-шөп бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатымен тұрақты бақылау да жүргізілуде. Биыл елді мекендердегі тұрғындар мен шаруагерлер үшін алдағы қысқы маусымда ауа райының қолайсыздығы туындаған жағдайда резервке мал азығын сақтайтын ангар немесе арнайы жабдықталған орынжайлар дайындау көзделіп отыр. Бұдан бөлек, коммуналдық меншікке мал азығын тасымалдауға арналған арнайы «КамАЗ» автокөлігін сатып алу да жоспарда бар. Бұл жоба жаз мезгілінде жем-шөпті төмен бағада сатып алып, қыс айларында мал иелерін қолжетімді бағамен қамтамасыз етуге бағытталады,-деп түсіндірді аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов.
Осы жағдайларды ескере отырып, жоғарыда айтылғандай, аудан әкімдігі тарапынан алдағы уақытта жем-шөп қорын алдын ала жинақтау және шаруаларды қыс мезгілінде қолжетімді бағамен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстарды жалғастыруды көздеп отыр. Алайда, табиғаттың тосын мінезі мен нарықтағы бағаның тұрақсыздығы ауыл шаруашылығымен айналысып отырған тұрғындар үшін әлі де үлкен сын болып қала бермекші. Ендеше, аудан шаруашылықтарында қаһарлы қаңтардағы қалыптасқан бұл ахуал әрекет болмай берекет болмасының бір сабағы екенін естен шығармасақ абзал.
Жайна МӘЛІМҚОЖА


