МАЛ ҰРЛЫҒЫН БОЛДЫРМАУ–МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ

Хал-жағдай сұрасқанда малдың түгендігін қоса сұрайтын қазақ халқы үшін төрт түліктің орны ерекше. Себебі ертеден халқымыз төрт түлігін түлетіп, содан ризығын табуда. Сондықтан мал шаруашылығы қазақтың ата кәсібіне айналған. Исатай ауданы тұрғындарының негізгі тіршілігі де осы-төрт түлік. Бар жағдайын жасап, қалайда мал басын көбейтуді көздеген шаруагерлердің ортақ мәселесі–мал ұрлығы. Тұрғындар соңғы жылдары жайылыстағы малының қамын ойлап, алаңдайды. Себебі көршілес аудан, облыс аумағында мал ұрлығының азаймай тұрғаны жасырын емес. Сол себепті мал ұрлығы әрбір шаруаның мазасын алған мәселеге айналып отыр.

 Ауылшаруашылықты аудан болғандықтан өңіріміздегі малға қатысты кез келген мәселе өзекті.«Қазақтың міні-мал ұрлығы» деп хакім Абай өз заманында дөп басып айтса да, өкінішке қарай, қылмыстың бұл түрі әлі дендеп тұр. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мал ұрлаушыларға жазаны күшейтуді тапсырған болатын.  Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы қазанда өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында осы мәселеге қатысты «Заңға өзгертулер енгізуді тапсырдым: мал ұрлығы үшін берілетін жазаны қатаңдату қажет» деп жазып, бұл қылмыс түріне ерекше екпін қойған. Малды ұрлауға қатысты заң да қарастырылған. Қылмыстық кодекске 188-1-бабы бойынша «мал ұрлығы» деген жаңа бап еңгізілген болатын. Онда ең ауыр жаза 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. 

Әрине төрт аяқты малды тек бір адамның ұрлап кетуі некен-саяқ. Сол себепті мал ұрлығымен арнайы ұйымдасқан топтар да айналысуы мүмкін. Осыған орай ауданымызда аталмыш қылмыспен күресу үшін өңірлерде жедел-іздестіру топтары жұмыс істейді.  Республика көлемінде 27-29 қараша, 7-10 желтоқсан күндері аралығында мал ұрлығын ескерту, алдын-алу және ашу, оларды жасаумен айналысатын тұлғаларды анықтау мақсатында «Мал ұрысы» жедел профилактикалық іс-шаралары өткізілді.

Шара аясында учаскелік полиция инспекторлары және криминалды полиция бөлімшесінің қызметкерлері тұрғындармен мал ұрлығының алдын алу бойынша әңгімелесу жұмыстары сондай-ақ мал ұрлығын жасайтын адамдар мен қылмыстық топтар туралы ақпаратты жинау, малды сою және ет өнімдерін сату орындарын, сондай-ақ даярлаушыларды, қайтып сатып алушыларды және сатушыларды анықтау мақсатында, аудан аумағында ет қабылдау станциялары, мал базарлар мен мал сою алаңдары, ет сататын дүкендер, сауда орындары, базарларға локальды тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде биыл тіркелген 2 қылмыстық іс ашылып, күдікті «Ж.А» есімді 1985 ж.т азамат ҚР ІІМ ҚАЖД-нің №15 мекемесіне қамалды.

      Сонымен қатар, күнделікті республикалық және халықаралық маңызы бар жолдарда жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тартылған патрульдік полиция қызметкерлерімен құжаттарсыз (ветеринариялық паспорттарсыз, ветеринариялық анықтамаларсыз, ветеринариялық сертификаттарсыз және т.б.) малды және ет өнімдерін тасымалдау фактілері тексерілді. Тексеру нәтижесінде «Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзғаны бойынша» ҚР ӘҚБтК-нің 406 бабына сай «6» құқықбұзушылық анықталды.

Үстірт ойлаған жанға ұрлықтың алдын алу, оның салдарымен күрес жұмыстарына полиция ғана жауаптыдай болып көрінуі мүмкін. Ал қазіргі таңда белең алып отырған осынау ұрлық түрінің өрістеуіне тәжірибе көрсеткендей жан-жақтан тамыр алып отырғандығы жасырын емес. Сол себепті әр шаруагер, әрбір тұрғын қора мен өрістегі малына үлкен жауапкершілікпен қарап, сақтық шаралары мен қауіпсіздікті күйшейткені абзал.  Малдарды бірдейлендіру, сырғалау жұмыстарын жасау, сатып алынған малды уақытылы тіркеуге қою яғни АЖС (ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру) деректер базасына енгізу, сатқан төрт аяқтыны есептен шығару, ветеринариялық анықтаманы нақты алу, тасымалдау көзіндегі тиісті талаптың сақталу сынды төрт түлікке қатысты арнайы шараларды орнымен өз уақытында жасаса мал ұрлығының алды алынбақ. 

Дегенмен төрт түліктің негізінде жайылымдарда жоғалып кететінін ескерсек, ауыл тұрғындарының малға күзетті күшейткені абзал. Тұрғындар өз малының қауіпсіздігіне немқұрайлы қарауын тоқтатпайынша, құқық қоғау органдарының мал ұрлаушылармен күресі оң нәтижесін беруі екіталай. Сондықтан, мал ұрлығының алдын алып, сақтықтықты күшейткен абзал.

Сонымен қатар ауданда үй жануарларының қа­тысуымен болған жол-көлік оқиғалары да жоқ емес. Атап айтсақ биыл мал қағу деректері бойынша бес оқиға тіркелді. Оның ішінде, түнгі уақытта малдардың жол үстінде қараусыз жүруі бойынша «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзғаны үшін» ҚР ӘҚБтК-нің 408 баптың 2 бөлігімен толтырылған айыппұл мал иесіне  салынады. Көбіне түнгі уақытта малдардың жол үстінде қараусыз жүруі қайғылы жағдайға ұласып жатыр. Қараусыз малдың тас жолдарға шығып кетуі жол-көлік апатына әкелсе, енді бір жағынан қолды болуына да таптырмас мүмкіндік. Сондықтан аудан тұрғындары апат пен қылмыс орын алмауы үшін қатенің алдын алайық. Иә, қай кезден де таяқтың екі ұшы бары белгілі. Малдың түгел, аман  болып жүруіне, қолды болмауына алдымен мал иелері мүдделі болу керек. Сондықтан мал ұрлығын болдырмау үшін барлығымыз жауаптымыз. Десек те, бақылау бар жерде тәртіп те, нәтиже де болатынын естен шығармаған дұрыс. Мал ұрлығын болдырмау–маңызды міндет.

Данияр БИМҰХАНОВ

Исатай аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521