Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында негізгі мақсат ауыл шаруашылығының дамуына серпін беру екенін айтқаны белгілі. Қыркүйектің 8-інде жария еткен «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында да «Бұл салаға тың серпін беру үшін мемлекет соңғы жылдары реформа жүргізіп жатыр. Қомақты қаражат бөлінуде, биыл шаруаларды қолдауға бір триллион теңге жұмсалды. Қажетті несиелер уақытында берілді. Мұндай ауқымды қолдау елімізде бұрын-соңды болмаған» деді Президент. Мемлекет басшысы басты мақсат ішкі нарықты етпен толық қамтамасыз ету, саланың экспорттық әлеуетін күшейту екенін де баса айтты.
Жадыраған жаз да өтіп, қоңыр күздің де басталғаны күні кеше сияқты еді, оның да алғашқы айы түгесілуге таяды. Алда қылышын сүйретіп қыс келеді. Аудандағы ауыл шаруашылығының, соның ішінде мал шаруашылығының қазіргі жайы нешік, мал басы көрсеткіші, техникамен қамтылуы қалай, сын шақта сыр беріп қалмау үшін істелініп жатқан нендей жұмыстар бар? Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Дидар Есмұхановқа осы сауалдарды көлденең тарттық.
-Ауданның ауыл шаруашылығы саласы, оның ішінде мал шаруашылығы – ауданмен бірге жасасып келе жатқан, оның дамуында өзіндік орны бар сала. Бұрындары да, кешегі кеңес дәуірінде де мыңғыртып мал өсірген өңір бүгін де төрт түлікке толы. Сол төрт түліктің өсуі өткен жылдармен салыстырғанда қандай деңгейде?
- Жалпы алғанда, ауыл шаруашылығы материалдық өндірістің ең маңызды салаларының бірі болып табылады. Ол халықты азық-түлік өнімдерімен, өнеркәсіпті шикізаттың негізгі түрлерімен қамтамасыз ететін кешен. Бұл сала өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығынан тұрады және әр өңірдің табиғи жағдайына қарай дамып отырады.
Осы ретте ауданымыз бойынша ауыл шаруашылығы саласына токталсақ, айтылар жайт аз емес. Ауданымыздың шөлейтті аймақта орналасуы ауыл шаруашылығын кең көлемде жүргізуге қолайсыздау, дұрысын айтқанда қиындау екенін ескерсек, бұл салада еңбек етіп жүрген жандардың еңбегі ерен екенін айтпай өтуге болмайды, олардың қатары да аз емес қазір. Олардың бәрі де шаруашылықпен айналысуда кездесіп тұратын, айналып өтуге келмейтін түрлі қиындықтарға мойымастан ерінбей еңбек етуден бас тартқанын көрмедім.
Ауданда ауыл шаруашылығына бейімделген негізгі бағыт – мал шаруашылығы. Оның ішінде ірі қара мен жылқы өсіру қазіргі таңда белсенді жүргізілуде. Тек өткен жылмен салыстыра қарағанда, аудан бойынша 2025 жылы 301 шаруа қожалығы (2024 жылы - 249) тіркелген. Сондай-ақ, жеті ауылдық округте төрт түлік малдың, оның ішінде мүйізді ірі қара 33643 (2024 жылы 6 айда - 30716), қой мен ешкі - 46804 (2024 жылы 6 айда -38041), жылқы - 28318 (2024 жылы 6 айда - 26095), түйе 10886 (2024 жылы 6 айда -10740) бас тіркелген. Осының өзінен өсімді байқауға болады. Сан бар, ендігі жерде сапаны да қоса ойлауға күш салу – басты мақсат.
Жалғасы газеттің №3/ (4251) санында
Сұхбаттасқан: Жоламан ДӘУЛЕТИЯР