Мамандығына адал Мөлдір

Исатай ауданының құқық қорғау саласында погон таққан арулар аз кездеспейді.

Нәзік жанды дегенмен өз ісін зор жауапкершілікпен атқарып, заңсыздықтардың жол алмауына септесіп жүрген оларға бек риза да боласың. Полиция капитаны Мағазова Мөлдір Есмұратқызы да солардың бірі.

Жиырма жасында осы салаға қызметке келген Мөлдір өзі қалаған мамандықтың қиыны мен қызығын да көріп, жылдар бойына тәжірибе де өріп келеді екен. Сол 2010 жылдың қыркүйегінде Атырау облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің УГ-1579 мекемесінің режим бөлімі тексеру тобының маман-бақылаушысы қызметіне кіріскен ол, 2015 жылдың сәуірінде аталған департаменттің УГ-157/11 мекемесіне бақылаушылар қызметі бөлімінің бақылаушысы лауазымына ауыстырылыпты. Атырау облысы полиция департаментінің Исатай аудандық  полиция бөлімінің қылмыс жасағаны үшін күдіктілер мен айыпталғандарды қамауда уақытша ұстау изоляторының полицейі қызметіне келуі де сол жылы. Ал 2016 жылғы 12 ақпаннан бөлімнің жергілікті полиция қызметі бөлімшесі ювенальды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы (білім беру ұйымдарына бекітілген) болып та тәжірибесін толықтыра түскені бар.

- Өткен жылдың сәуір айынан бөлімнің жергілікті полиция қызметі бөлімшесіндегі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы инспекторы қызметіне тағайындалып, қазіргі уақытқа дейін осы қызметті атқарып келемін,-дейді ол.

Айтуынша, бұларға жүктелген қызметтік міндет – әйелдердің құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау, оларға қатысты құқықбұзушылықтар деңгейін төмендету. Ер-азаматтармен бірдей қызмет атқаратындықтан бұларда мереке күндері де демалу деген жоқ.

Деректерге көз салсақ, өткен жылдың 12 айында отбасы тұрмыстық қарым-қатынастар саласында 73 құқықбұзушылық орын алған. Оның ішінде денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру бойынша -2, ұрып-соғу бойынша 21 құқықбұзушылық болғаны анықталған. Осының бәрінде де зардап шегуші - әйел адамдар. Әрине, құқық бұзғандар тиісті жазаларын алды. Осы деректердің өзі-ақ Мөлдір мен оның әріптестерінің мігірсіз жұмыстары нәтижесіз еместігін де айғақтай түседі.

Осындай қызметте жүріп Қазақ гуманитарық заң университетін де оқып бітіріп, заңгер мамандығын алған, полиция болуды бүлдіршін кезінен армандаған ару полиция майоры Телеубаева Айсұлу Себекқызын ұстазы санап, үлгі тұтатынын жеткізген. Сондай-ақ ол кезінде осы мамандықты қалағанында қыз балаға қиынсынып, қарсы болмаған ата-анасына, жұмысының ерекшеліктеріне түсіністікпен қарайтын ата-енесі мен жолдасына деген алғыс сезімін де бүгіп қала алмады. Мұның бәрі мерекелері қарсаңындағы мамандығына адал ару бейнесін сомдай түскен де іспетті еді.

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521