Енді көп ұзамай үш айдан кейін 11 сынып оқушылары мектеп бітіріп, жан-жаққа оқуға аттанады. Яғни өздері армандайтын мамандық иесі болуға ұмтылады. «Дүниеде екі нәрсе қиын дейді. Бірі –мамандық таңдау, екіншісі –жар таңдау. Осы екеуінен қателеспеген адам бақытты ғұмыр кешеді» деген халық арасында сөз бар. Кім болса да біліп айтқан. «Оқу – инемен құдық қазғандай» деген сөздің астарында да біле білгенге көп мағына жатқаны анық. Білім дегеніміз тал бесіктен жер бесікке дейін іздеуді, оқуды қажет етеді. Маңызды қадам жасау – келешектің бастауы. Сондықтан бұл мәселе жас буынды ойландыруы керек. Келешек мамандығыңды таңдарда асығыстық танытуға әсте болмас. Себебі қазіргі таңда ата-ананың ақылымен, кейде достарының ықпалымен де таңдауын өзгертіп жататын жастар бар. Олардың бәрі бірдей дипломын кәдеге жарата ала ма? Мәселен, әлемде дипломы бойынша қызмет ететіндердің көрсеткіші төмен. Тіпті оған күнде көз жеткізіп жүрміз.
Мамандық таңдау қазіргі уақытта маңызды істің бірі болып табылады. Бұл тұрғыда, әсіресе мектеп бітірушілердің бір жыл бойы басы ауырады. «Қандай мамандықты таңдасам» екен деген оймен басын қатырғандай болады. Жылдан-жылға мамандықтың түрі көбейіп келеді. Таңдау жасау да оңайға соғар емес. Сонда не істеуі керек, мектепті бітіруші түлектерге?!
Ол үшін жастарды еңбекке баулу және мамандықтарын дұрыс таңдауға бағыт беру маңызды істердің бірі. Саналы түрде таңдалған мамандық жеке тұлғаның болашақ өміріне әсер етеді. Болашақтағы кәсіби мақсатына дұрыс бағыт алған оқушы бойындағы қарым-қабілетін шығармашылықпен дамыта білсе, сапалы маман ретінде қалыптасатыны белгілі. Сол себепті қазіргі таңда түлектерге кәсіби бағдар ұсынып, кеңес айту үлкен маңызға ие. Кәсіби бағдар беру – шешімі табылуға тиісті өте күрделі кешенді мәселе. Өзінің әдістемесі және мазмұны жағынан оның психологиялық, педагогикалық, физиологиялық және әрекеттік аумағы жағынан әлеуметтік сипаты болады. Нәтижесі қоғамның экономикалық өміріне әсер етеді. Сонымен қатар, кәсіби бағдар беру қоғамның жұмыс күшін қайта өндірудің маңызды құралы саналады. Білім саласындағы кәсіби бағыттың ауқымы кең және алуан түрлі. Бұл істің жүргізілуі кадрлар даярлауды жоспарлаумен, білім беру жүйесін одан әрі жетілдірумен тығыз байланысты екендігі сөзсіз.
Қазіргі заман талабына сай мамандықтарды игерген жастарға сұраныс өте жоғары. Нарықтағы бәсекелестік күн өткен сайын артып келеді. Бүгінгі заман талабы кәсіптік білім беру саласында адамның табиғи ерекшеліктеріне сәйкес мыңдаған мамандықтар мен кәсіптерге дайындау – кезек күттірмейтін талаптардың бірі. Кәсіптік бағдар беру жұмысы бүгінгі таңда ең көп талқыланатын тақырып және жиі көтерілетін өзекті сұрақтардың қатарында. Заман талабына сай қазіргі кезде түрлі мамандар даярлау -қай орта немесе жоғарғы орындарының болсын негізгі міндеті болып табылады. Демек оқушыларға дұрыс жөн сілтеу ұстаздардың пайымды пікірлерін тыңдау мен түрлі саладағы мәртебелі мамандық иелерімен кездесудің маңызы өте зор. Осы мақсатта оқушыларға болашақ мамандық таңдауға көмектесу және пайдалы кәсіп туралы көзқарастарын дамыту үшін колледж оқытушылары жыл сайын қала, аудан, ауылдағы білім шаңырақтарына барып, түрлі тақырыптарда еркін әңгіме жүргізілуі керек.
Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы Ақбота Ислат
-Биыл амандық болса, мектеп бітіретін жылымыз. Әрине, қай оқушыны да «қандай мамандықты таңдаймын» немесе «таңдаған мамандығыма қалай қол жеткіземін» деген ойлар мазалайтыны анық. Бұл әрине үлкен өмірге қадам басардағы ең жауапты сәттердің бірі. Себебі осы бағыт- бағдар адам ғұмырының алдағы болашағына өз әсерін тигізеді. Дұрыс жол тапсаң дүниеге пайдасы бар кірпіш ретінде қаланудың мүмкіндіктеріне қол жеткізесің.-дейді ол.
Қазақтың қаламгері Ж.Аймауытов: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» дейді. Рас, жас жеткіншек тек өз жүрек қалауымен ғана таңдаған кәсіптің шебері бола алады. Яғни мамандық таңдау – жай ғана оқып, диплом ала салу емес, өмірлік жолыңды айқындау. Бірақ кейбір ата-ана, туған-туыс оған мән бермей, жеткіншектің көңілі қала-маған салаға еріксіз апарады. Оның нәтижесі қандай? Олардың бірі – оқудан шықса, бірі – еріксіз өзге жұмыс жасап жүргені. Сондықтан болашағыңды айқындау барысында талапкер де, ата-ана да «жеті рет өлшеп, бір рет кескені» абзал.
Аяпберген Салихов
Сурет: ашық дереккөз