Жанбай ауылының тумасы, әуесқой спортшы Жұлдыз Заманғалиева Алматы қаласында өткен «Алатау-2025» халықаралық турнирі мен ардагерлер мен әуесқойлар арасындағы Қазақстан чемпионатында қос бірдей жүлделі орынға ие болып, аудан абыройын асқақтатты,-деп хабарлайды «Нарын таңы» газеті.
Жерлесіміз 35-39 жас аралығындағы әйелдер арасында 100 және 200 метр қашықтықтарда жүгіріп, екі жарыста да үшінші орынды жеңіп алды.
Осыған орай жүлдегер спортшыны аудан әкімі Нұрым Мусин арнайы қабылдап, үлкен жетістігімен құттықтады. Қабылдау барысында марафоншыға Алғыс хат табысталып, алдағы спорттық белестерге табыс пен жеңіс тіледі.
Кездесу барысында Жұлдыз Заманғалиева да аудан әкімдігіне өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Ол бұқаралық спортты дамытуда жергілікті биліктің қолдауы маңызды екенін айтып, ауыл спортын өркендетуге байланысты кейбір ойларымен бөлісті.
Атап айтқанда, 100 метрге жүгіруде 14,92 секунд нәтижесімен мәреге жетіп, өз жас санатында үздік үштікке енсе, 200 метр қашықтықта да шеберлігін көрсетіп, жүлделі орынға қол жеткізді. Бұл нәтиже Жұлдыз ханымның жүйелі дайындығы мен спортқа деген сүйіспеншілігінің айқын дәлелі болды.
Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ