Кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының қос тірегі. Осы екі саланың дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген еңбек адамдарына құрмет көрсету мақсатында ауданымызда салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Шара 29 қазан – Кәсіпкерлер күні және қараша айының үшінші жексенбісінде атап өтілетін Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылды. Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов кәсіпкерлер мен шаруагерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, ел экономикасын нығайтудағы еңбектеріне жоғары баға берді. Ол өз сөзінде кәсіпкерлік бастама мен адал еңбектің ауылдың әл-ауқатын арттырудағы маңызын атап өтті.
Марапаттау барысында бірқатар еңбек адамдары түрлі деңгейдегі Алғыс хаттармен құрметтелді. Атап айтқанда, облыс әкімі Серік Шәпкеновтың Алғыс хатына Қадыржан Ибрайымов пен Рустем Танабаев лайық деп танылды. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Амангелді Саламаттың Алғыс хатымен Айдын Садықұлы мен Ризабек Жақсыбаев марапатталды. Сонымен қатар, Атырау облысы мәслихатының төрағасы Муса Хайруллиевтің Алғыс хатына Жанайдар Шатеков ие болды. Ал аудан әкімі Нұрым Мусиннің Алғыс хатымен Берік Хояшұлы марапатталды.
Аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Мұратұлы өз сөзінде:
– Кәсіпкер мен шаруагер – елдің тірегі. Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында ауыл дамып, халықтың тұрмысы жақсарып келеді. Әр бастамаңыз аудан экономикасына серпін беріп отыр. Бұл еңбектеріңіз әрдайым лайықты бағасын таба береді,-деп жылы лебізін білдірді.
Шара соңында марапат иелері көрсетілген құрмет үшін алғыстарын айтып, алдағы уақытта да ел игілігі жолында аянбай еңбек ететіндерін жеткізді. Бұл салтанатты жиын адал еңбектің бағаланатынын, еңбек адамына деген құрметтің қашанда жоғары екенін тағы бір мәрте айқындады.
Осылайша, қос мерекеге орай өткен салтанатты марапаттау рәсімі кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы саласында табанды еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегі елеусіз қалмайтынын айқын көрсетті. Елдің ырысы мен ауылдың берекесі адал еңбекпен келетінін дәлелдеген бұл жандардың қажырлы тірлігі кейінгі буынға үлгі екені сөзсіз.
Айта кетейік, жүргізілген мал санағының қорытындысына сәйкес, бүгінде ауданда ірі қара мал саны 31 682 басқа жетсе, қой мен ешкі – 43 354 бас, жылқы – 25 790 бас, түйе – 10 410 бас болып тіркелген. Бұл көрсеткіштер ауданымызда ауыл шаруашылығының, соның ішінде мал шаруашылығының тұрақты даму үстінде екенін айқындап, өңірдің аграрлық әлеуетінің жоғары екенін нақты деректермен дәлелдейді.


