ҚР Конституциясы күніне орай Исатай ауданында салтанатты жиын өтті.
Аудан әкімдігінің акт залында өткен жиынға ауылдық округтер әкімдері, аудандық мәслихаттың депутаттары, құрылыс, білім беру, аурухана, мәдениет және денешынықтыру және басқа да салалық бөлім басшылары мен аудан әкімі аппаратының мамандары мен қызметкерлері қатысты.
Алдымен Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалды. Салтанатты жиында аудан әкімі Марат Мурзиев мерекелік құттықтау сөз сөйледі.
- 1995 жылы қабылданған Конституция Қазақстан мемлекеттілігі дамуының, адам құқықтары мен бостандықтарының мүлтіксіз сақталуының іргетасын қалады. Конституцияның өзекті ережелеріне сүйене отырып, біз, ел тағдыры үшін өмірлік маңызы бар жаңаруларды жүргіздік, нарықтық тұрақты экономикамызды құрдық. Демократиялық қоғамның негізін қаладық. Қазақстан дүниежүзілік аренаға танылып, әлемдік экономикалық жүйе ішінде лайықты өз орнын алды. Осының бәріне ұлтымыздың Көшбасшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дәйекті сарабдал саясатының, Қазақстан халқының ынтымақтастығы мен бірлігі, тату-тәтті тірлігі нәтижесінде қол жеткізгендігіміз сөзсіз, - деді ол.
Бұдан кейін аудан әкімі еліміздің конституциялық негіздерінің қалыптасуы мен дамуына, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқаны үшін аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Абежан, аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Алтынзер Сапаева, Исатай ауылдық округі әкімі аппаратының құрылымдық бөлімше басшысы Маргарита Тимралиева, Қызықүй негізгі мектебінің директоры Қабыл Ғұбашев, ШЖҚ КМК аудандық аурухананың педиаторы, неонатолог дәрігер Сәуле Қайрденова, «Аққыстау Су Арнасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ақкүміс Аманбаева, «Сазанқұрақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кен орнының қабат қысымын сақтау шебері Шектібай Беркалиев, осы серіктестік бас директорының орынбасары Әлібек Семғалиев, Исатай балалар-жасөспірімдер спорт мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Болатбек Сәбиев, «Атырау Жарық» АҚ-ның бас инженері Әлібек Төлебаев, Томан ауылдық кітапханасының кітапханашысы Света Сейітқалиева, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының есеп және статистика секторының меңгерушісі Жанар Жақашева және аудандық мәслихат депутаттары Аманжол Рахметов пен Әнес Сидеғалиевты «Қазақстан Республикасы Конституциясына 25 жыл» мерекелік медальімен марапаттаса, ал, аудандық прокуратурасының іс-жүргізу инспекторы Арайлым Кумарова мен аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесі патрульдік полиция тобының қызмет инспекторы, полиция кіші лейтенанты Бекжан Мұратқалиев аудан әкімінің Алғыс хатына ие болды.
Салтанатты шарада аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Есенұлы сахнаға құрметпен шақырылған аудандық мәслихатының 2020 жылғы 05 маусымдағы №315-VI шешімі бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Маштахов Таупих Садихұлына (марқұмның жары Маншүк Ідіркеноваға), Қарабаев Бақберген Қасымұлына, Зайдуллин Жайдарбек Зайдоллаұлына «Исатай ауданының Құрметті азаматы» атағы берілгенін хабарлап, кеуделеріне төсбелгісін қадап, қолдарына гүл шоқтары мен куәліктерін табыс етті.
Сондай-ақ жиында аудандық мәслихат хатшысы ауданның құқық қорғау саласына қосқан елеулі еңбегі үшін және Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Райымбек Бақтиярұлы мен аудандық сотының жетекші маманы Динара Серікболоваға да аудандық мәслихаттың Алғыс хаттары тапсырылды.
Аяпберген САЛИХОВ