МАРАТ МУРЗИЕВ ЖҰМЫС САПАРЫМЕН ҚЫЗЫЛҚОҒА АУДАНЫНА БАРДЫ

Атырау облысы әкімінің орынбасары жұмыс сапарымен Қызылқоға ауданына барды. Түске дейін алдымен әр түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несие алып, бүгінде кәсіптерін дөңгелетіп отырған кәсіп иелерімен кездесіп, олардың жұмысымен танысты.

Мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген несиеге ие болғандардың бірі, жеке кәсіпкер, «Миялы» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы – Асылбек Мұратов. 

Ол бүгінде тұрғын үйге қажетті жиһаздың барлық түрлерін дайындаумен айналысады. Өз кәсібін осыдан 2 жыл уақыт бұрын ашқан Асылбек қазіргі уақытта 16 адамды, оның ішінде әлеуметтік осал топтың 12-і өкілін жұмыспен қамтып отыр. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігіне көзі жеткен жеке кәсіпкер алдағы күндері тағы да мемлекеттік бағдарламаға қатысып, өз кәсібін кеңейтуге ниетті.

М.Мурзиев одан әрі аудандағы жеке кәсіпкер Қайырбек Баймұратовтың кәсібіне атбасын бұрды. Кәсіпкер ағымдағы жылы әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация арқылы әлеуметтік маңызы бар тауалардың бағасын тұрақтандыру үшін «Айналым схемасы» бойынша жеңілдетілген пайыздық үстемақымен 80,0 млн теңге көлемінде несие алып, «Бәйтерек» азық-түлік супермаркетін іске қосқан. Супермаркет жұмысымен таныстыру барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауаларының бағасы тұрақты және қолжетімді болуы ұдайы назарда екенін жеткізді. Бұл әрине, өзге кезегінде жергілікті тұрғындар үшін қолайлы жағдай.

Лауазымды тұлға сапар аясында аудандағы ветеринариялық-санитарлық талаптарға сай ет өнімдерін дайындайтын «Миялы» сервистік-дайындау орталығы» ЖШС-де де болып, жеке кәсіпкер Сүйеуғали Дүйсәлиевпен пікір алмасты. Кәсіпкер осыдан бірнеше жыл бұрын «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы «Ұлттық компаниясы» АҚ арқылы үстемақысы төмен пайызбен қомақты көлемде несие алып, аталған орталықты іске қосқан және қазіргі уақытта 5 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Бұдан бөлек, «Нұрлы дала» агрофирмасы мен «Жылыжай» кешенін де аралап, кәсіпкерлердің тыныс-тіршілігіне қанықты.

Әділбек СЫРЫМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT