Мәжіліс депутаты Н.Ожаев – Исатай ауданында

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлыбек Ожаев Исатай ауданына жұмыс сапарымен келді.

Елдің жайымен таныспаққа келген халық қалаулысы сапарын алдымен «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы ғимаратының мәжіліс залында қоғамдық қабылдау өткізуден бастады. Оған аудан басшысы Полымбет Хасанов және аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Мұханбеталиев қатысты. Қабылдауға жазылған азаматтардың басым бөлігінің көтерген мәселесі ауыл шаруашылығы саласы төңірегінде өрбіді. Мәселен, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Жансих Маштахов бірден-бір өзекті мәселе ретінде Каспий теңізінің жылдан жылға тартылып бара жатқанын қынжыла жеткізді.

n

- Каспий теңізінің қазіргі жай-күйі көңіл көншітпейді. Теңіз жылдан жылға тартылып барады. Салдарынан жел теңіз бағытынан соққанда тұзды, шаңды дауыл көкке көтеріліп, халықтың тыныстауына, демалуына кері әсерін тигізеді. Халық қалаулысы ретінде осы мәселені зерттеп, зерделеу үшін халықаралық тәжірибені пайдалана отырып, облыстық деңгейде эколог мамандармен арнайы комиссия құрып, жұмыс жасауға ықпал етсеңіз. Бұл мәселе өткен жылы әріптесіңіз Дүйсенбай Тұрғанов мырзаның ауданға жұмыс сапары барысында да көтерілген болатын, - деді өз сөзінде кеңес төрағасы.

Бұған қатысты пікір білдірген Нұрлыбек Ожаев көтеріліп отқан мәселені экологиялық катастрофоның басы деген тұжырымдама жасады.

- Расымен қазір Каспий теңізі деңгейінің өткен жылдарға қарағанда түсіп кеткенін мұнай өндірушілер, қарапайым балықшылар немесе балық қорғау инспекциясының мамандары да растап отыр. Бұл мәселе менің жіті бақылауымда тұр. Себебі, ертеңгі күні Арал теңізінің кебін киіп қалуымыз әбден мүмкін. Каспий теңізінің жылдан-жылға тартылып бара жатқаны соның бір белгісіндей. Мен аталған мәселені Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің жұмысшы тобында көтерген болатынмын. Дегенмен, ешқандай мардымды жауап ала алмадым, министрлік қауқарсыздық танытып отыр, - деді және бұл бағыттағы жұмыстардың жалғаса беретінін, өз бақылауында болатынын айтты.

Сондай-ақ қоғамдық қабылдауда «Атырау-Астрахан» тас жолында жүріп жатқан құрылыс жұмыстарының салдарынан туындап отырған қиындықтар да айтылмай қалмады. Депутаттың қабылдауына келген тұщықұдықтық зейнеткер Балғаным Қайырлиева:

- Қазіргі уақытта республикалық маңызға ие «Атырау-Астрахан» тас жолында жөндеу жұмыстары жүріп жатқандығынан хабардармыз. Аталған тас жол Аққыстау және Тұщықұдық ауылдарының бойынан өтеді. Күніне орташа есеппен 200-300-ге жуық жүк көлігі осы тас жолмен жүретіндіктен, шаңды топырақ ауаға көтеріліп, ауыл тұрғындарына қолайсыздық тудыруда, жеңіл автокөліктердің де жүруіне кедергі келтіреді. Осыған орай, құрылыс жұмыстары әлдеқашан басталып кеткен 17 шақырым айналма жолдың жөндеу жұмыстарын барынша жеделдетіп, осы жылы пайдалануға берілуіне ықпал жасасаңыз, - деді.

n

Халық қалаулысы осы мәселе бойынша өз атынан вице-премьер министр Роман Склярға депутаттық сауал жолдағанын және соның жауабы ұсынылған хаттаманы ауданға өзімен бірге ала келгенін атап өтті.

- Вице-премьер министрден келген жауапқа сүйенсем, 2023 жылдың аяғында аталған тас жолдың жөндеу жұмыстары толықтай аяқталуы тиіс. Дегенмен, біз құрғақ уәдеге тойып болдық. Бұл жолдың жыры ұзақ жылдарға созылып келеді. Сондықтан біз бұл жол мәселесінде бақылауымызға алып отырмыз. Мүмкіндігінше, бірден-бір талабымыз ретінде жолдың сапалы әрі уақытылы аяқталуын алға қоямыз, - деді халық қалаулысы өз жауабында.

i

Ал, қабылдауға жазылған аққыстаулық Берікбол Жұмалиев Махамбет ауданынан бастау алып, ауданымыздың 5 ауылдық округінен өтетін Нарын каналының жарты ғасырдан астам уақыт бойы күрделі жөндеу көрмегеніне алаңдаулы екенін айтады.

- Нарын каналына ұзақ жылдар бойы күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілмей, каналдың тайыздануы салдарынан канал арналарынан су асып, шлюздері ескіріп, катловандарға тиісті деңгейде су жеткізілмейді. Аудан тұрғындарының басым көпшілігі мал және егін шаруашылықтарымен айналысып, бау-бақша және шабындық жерлерді пайдалану арқылы тіршілік кешіп отырғандықтан, канал мәселесіне бей-жай қарауға болмайды. Аталған каналға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында «Қазсушар» РМК-на осы жылға тиісті қаржыны бөлуге көмектесуіңізді сұраймын, - деді ол. 

Еске сала кетсек, ұзындығы 178,5 шақырымды құрайтын Нарын каналы 1966 жылы пайдалануға берілген. Ол Махамбет және Исатай аудандарының суармалы егістік, лиманды және жайылымдық жерлерді сумен қамтамасыз етеді.

Қабылдауда бұдан бөлек, балық шаруашылығы, әлеуметтік мәселелер, зейнетақының төмендігі, тұрғын үймен қамтамасыз ету сынды мәселелер де халық қалаулысының назарына ұсынылды.

Айте кетейік, мәжілісмен бұдан соң аудандық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшелерімен, бастауыш партия ұйымдарының төрағаларымен және қоғамдық кеңестің төрағасымен кездеседі деп күтілуде.

Әділбек СЫРЫМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521