МӘДЕНИЕТ ЖАНАШЫРЫ – МАРАПАТ ТӨРІНДЕ

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Мәдениет – ұлттың қуаты, рухани тірегі» деп ерекше атап өткен болатын.Осы бір асыл ұстанымды қағида етіп, мәдениет саласында қалтқысыз қызмет етіп жүрген жандар аз емес.

Солардың бірі аудандық «Жалын» мәдениет үйінің ұйымдастырушысы Болат Мағзомов көп жылғы мәдени саладағы адал қызметі мен еңбектегі табандылығы үшін  Қазақстан салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды.

Ол алғаш еңбек жолын 2012 жылы аталмыш мәдениет үйінде қазандық операторы болып бастаған.Қарапайым жұмыстан басталған еңбек жолында  кейіпкеріміз өзін жауапты, еңбекқор қызметкер ретінде көрсете білді.

- Жас маман ретінде алғашқы жылдары Кенжемұрат, Ыбырай сынды тәжірибелі ағалармен бірлесе жұмыс жасап, көп нәрсе үйрендім. Кейін 2015 жылы Жалын мәдениет үйінің жаңа ғимараты пайдалануға беріліп, жұмыс ауқымы кеңейді, штат саны артты. Заманауи техникалар, LED экран, жарық және әуенді жарық басқару жүйелері орнатылды. Осы жаңа мүмкіндіктерді тиімді меңгеріп, техника тілін жетік біліп, заман ағымына сай ілесіп, үнемі кәсіби шеберлігімді жетілдіріп келемін,-дейді Болат Мағзомов.

Осылайша ол жылдар өте ұйымдастырушы қызметіне көтеріліп, мәдени шаралардың тұрақты әрі білікті ұйымдастырушысы атанды. Бүгінде ол аудан халқының мәдени өміріне белсенді атсалысып, түрлі концерттер мен іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне үлес қосып келеді. Әріптестері оның кішіпейілдігі мен талапшылдығын тілге тиек етіп, еңбегін жоғары бағалайды.

 

Сағыныш САЙЛАУБАЙ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT