Ұлтты ұлт ететін айрықша белгілердің бірі – мәдениеті мен өнері, олардың маңызы жаһандану жағдайында одан сайын арта түспек. Мәдениет қоғамдық сананы және азаматтардың мінез-құлқын анықтайтын моральдық-этикалық нормаларды қалыптастыру процесіне әсер етеді. Өнер қоғамдағы құндылық символизмін айшықтайды. Сондықтан Наурыздың жаңа идеологемасын қалыптастыру отандық мәдени-шығармашылық кодпен тығыз байланысты.
«Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні» болып белгіленген наурыздың 16-сы осынау ұлттың «мәдени коды» - мәдениет, өнер мен ұлттық салт-дәстүр насихатына арналған. Онкүндіктің аталған күніне орай аудандық «Жалын» мәдениет үйінде мәдениет қызметкерлері арасында «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ» аудандық сайысы өтті.
Сайыстың мақсаты – ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттау, мақал-мәтелдер, жұмбақтар жасыру арқылы ой-өрісті кеңейту.
Бұл танымдық, тағылымдық сайысқа 5 команда қатысып, мақал-мәтелдердің жалғасын табу, жұмбақтарды шешу бойынша білім-біліктерін ортаға салып, өзара бақ сынасты. Нәтижесінде Н.Үлкенбайұлы атындағы Тұщықұдық ауылдық мәдениет үйінің командасы мен Жанбай ауылдық мәдениет үйінің командасы Алғыс хатқа ие болды.
Ал тапқырлығы мен зеректігін танытқан аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Білгенге – маржан» командасы III орын иеленсе, Зинеден ауылдық клубының «Каспий» командасы II орынды еншіледі. Ал жүзден жүйрік шыққан Қамысқала ауылдық мәдениет үйі атынан шыққан «Бірлік» командасы жүлделі І орынды жеңіп алды.
Сонымен қатар жүлдегерлер мен жеңімпаз командаларға естелік сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді.
Сағыныш ҚАЙЫР