21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні. Ауданның мәдени әлеуетін арттыруда халықты өрелі өнермен сусындатып, рухани байлықты толықтыруда және игі дәстүрлерді жалғастыруда аянбай еңбек етіп жүрген мәдениет пен өнер саласы қызметкерлеріне айтылар алғыс, көрсетілер құрмет, берілер марапат қашанда артық болмаған. Мерекелі сәтте аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ринат Нәбидоллаұлы Есқалиды әңгімеге тартқан біз аталмыш мерекелі саланың бүгінгі тыныс-тіршілігі төңірегінде ой қозғап, сөз өрбіттік.
-Ринат Нәбидоллаұлы, атау-лы күні жүздесіп қалыппыз, төл мерекелеріңіз құтты болсын! Бұл сала да аудандағы маңызды саланың бірі. Оның ондаған ошағы бар, ауыл-ауылдағы көптеген ауылдас-тарымыз осы істе тер төгіп, міндетті қызметтерін мінсіз атқаруға тырысып жүргенін білеміз. Жалпы, біздің Нарын өңірінің әу бастан өнер өлкесі аталуы тегін емес қой. Әрине, оның осылай атақ-даңқы шығуына жергілікті билік тарапынан болған жанашырлық көмектердің септігі тигеніне сөз жоқ. Қазір ше?
-Жалпы алғанда, мәдениет пен өнер өміріміздің ажырамас бір бөлігі саналады. Экономикалық өсім мен саяси тұрақтылық орнаған елде мәдени қызмет пен рухани үстемдік орнамаса ол елдің алға қарай ұмтылып, ұлттық дәстүрінің, тілі мен ділінің салтанат құруы екіталай нәрсе. Осы ретте халықты рухани байлықпен сусындату, тұрғындардың шығармашылықпен айналысып, мерекелік шараларды ұйымдастыруы бағытында ауданымыз бойынша бір аудандық, үш ауылдық мәдениет үйі, бес ауылдық клуб, он сегіз ауылдық кітапхана қызмет көрсетіп келеді. Бұдан бөлек, салада алты халықтық ұжым жұмыс жасайды.
Мәдениетке жанашырлық қазір де бар. Соңғы жылдары ауданымызда мәдени қызметті арттыруға, мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасының жақсаруына аудан әкімдігі тарапынан айрықша қолдаулар жасалып келе жатқанын атап айтуымыз керек. Сол қолдаудың нәтижесінде аудан халқына мерекелік концерттер ұйымдастыру үшін өткен жылы аудандық «Жалын» мәдениет үйіне LED экрандарымен бірге дала сахнасы сатып алынды. Ал Нариман Үлкенбайұлы атындағы Тұщықұдық мәдениет үйіне жай жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Қамысқала, Жанбай ауылдық мәдениет үйлерінің сахналары жаңартылды, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Биылғы жылы да мәдениет нысандарын қолдау бағытындағы осындай жұмыстар өз жалғасын табуда. Мәселен, аудандық «Жалын» мәдениет үйінің ауласын абаттандыру, Жанбай ауылдық мәдениет үйіне жай жөндеу жұмыстары мен дала сахнасын сатып алу, Исатай және Нарын ауылдық клубтарына жай жөндеу жұмыстарын жүргізу - осы жылдың жоспарына енгізілген шаруалар.
Сонымен қатар, ұзақ жылдардан бері аудандық «Жалын» мәдениет үйі ғимаратында орналасқан аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі биылғы сәуір айынан бас-тап Аққыстау ауылының орталығында орналасқан жаңа ғимаратқа көшірілді. Аудан бойынша 18 кітапхана болса, өткен 2024 жылдан бастап осы кітапханаларды жаңа жиһаздармен және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Ал шалғай елді мекендерде орналасқан Жасқайрат және Амангелді кітапханалары жай жөндеуден өткізіліп, жаңадан газ желісіне қосылды. Бұл мәдениет ошақтары алыстағы ағайынның рухани азық алатын бірден-бір орны болғандықтан жасалынған жұмыстарға ауыл тұрғындары да риза болып, қуаныштарын білдіруде.
-Мұның бәрі бәрекелді дегізер тірлік десе болғандай.Жалпы мәдениет дегеніміз – күрделі ұғым. Ол ауылдың ажарына да, базарына да қатысты. Ал ауылды ажарландыратын басқа да нысандармен бірге оның мәдениет ошақтары да ғой, сондықтан бәрі құптарлық қолдаулар. Енді мәдени қызмет те сол қолдауға сай болуы керек қой. Бұған не айтасыз?
-Басшылықтың тарапынан осындай қолдаулар көрсетіліп, жанашырлық жасалуы жұмыстың өз мәнінде жүруіне, соның ішінде осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген қызметкерлерінің де жұмыс жасауға деген ынтасы артып, шығармашылықпен айналысуға шабыттары еселене түсуіне септесері сөзсіз және солай болып та келе жатқанын айтуға толық негіз бар деп ойлаймын.
Мәселен, 2024 жылы аудан бойынша 375 (2023 жылы бұл көрсеткіш 359 болған) мәдени-көпшілік шара ұйымдастырылды. Мемлекеттік мерекелер мен атаулы даталардан бөлек жергілікті өнер саласының мақтаныштары, еліміздің руханиятының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ақын-жазушылардың мерейтойлары өткізілді. Атап айтар болсақ, қазан айында ақын Нұралы Әжіғалиевтың 85 жылдығына орай облыстық ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылса, поэзия падишасы атанған жерлесіміз Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығына орай қараша айында облыстық ән байқауы өткізілді. Сонымен қатар желтоқсан айында Қазақстанның Халық әртісі Әзидолла Есқалиевтың 90 жылдығына орай облыстық күйшілер байқауы ұйымдастырылды. Ал жыршы, ақын Насихат Сүгірұлының 185 жылдығына орай Исатай ауылында ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылып, ұрпақтарымен кездесу өткізілді. Ақын Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығы аясында ұйымдастырылған тағы бір шара – кітапханашылар арасындағы облыстық байқау болды.
Өткен жылдың шілде-қыркүйек айлары аралығында аудан орталығының Тәуелсіздік алаңында әр бейсенбі сайын ауылдық округтер мен мекемелер қызметкерлері-нің қатыстырылуымен мерекелік концерттер ұйымдастырылғанын ауылдастар ұмытпаған болар деп ойлаймын. Өйткені екінші жыл қатарынан өткізіліп отырған бұл шара тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, өнерсүйер қауымның асыға күтетін шарасына айналды.
Бұдан бөлек кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай аудандық шара, «Исатай аудандық мәслихаты 30 жыл белесінде» тақырыбындағы облыстық шарасы, ауданның Құрметті азаматы Ғатих Маштаховты еске алу шаралары өтті. Нарын ауылында аудандық деңгейде өткен «Ұлттық қолөнер - тәрбие көзі» атты қолөнершілер сайысы, Жанбай ауылында «Отбасы - бақыт мекені» өнерлі отбасылары, «Жалын» мәдениет үйінде ардагерлер арасындағы «Батагөй қариялар» байқаулары өз мәнінде ұйымдастырылды. Аудандық «Жалын» мәдениет үйінің жанындағы «Халықтық» атағы бар халықтық ұлт- аспаптар оркестрі күйші Ә.Есқалиевтың 90 жылдығына орай облыста өткен оркестрлер фестивалінде жоғары деңгейде өнер көрсетіп, атағын қайта қорғады. Мақат ауданының 100 жылдығына орай өткен театрлар байқауына «Аққыстау халық театры» ұжымы қатысып келді.
-Әрине, айтылып жатқан, аталмай қалған шаралардың бәрі де бір жағынан халықтың рухани азығы болғанына сөз жоқ. Батыр атындағы ауданның атын шығарған өнерлі перзенттері аз болмағанын бәріміз білеміз, олардың қайсыбірін көре қалдық. Қазір де замандас-тарына үлгі етер сондай жерлестеріміз бар ма?
-Ауданымыздың өнері мен мәдениетіне сүбелі үлес қосып, осы саланың мерейін көтеріп жүрген ардагер өнерпаздарға айтар алғысымыз ерекше. Өткен жылы «Жайықтан ескен әсем ән» аталынған облыстық ән байқауына қатысқан ардагеріміз Бақтыгерей Құспанғалиев жүлделі 3-ші орынды иеленіп қайтты. Ал «Ардагерлер әуендері» облыстық байқауына ауданнан барған екі үміткеріміздің бірі Жоламан Жұмабаев кіл мықтының арасынан 3-ші орынды жеңіп алып, бәрекелді дегізді. Ән әлеміндегі аудан мақтаныштары Ақтолқын Бақытова, Алхам Рамазан, Дана Мажитова, Айдар Бекет, Ильяс Дүйсекеш, тағы басқа жастарымыз киелі өнер сахнасында аудан намысын қорғап, түрлі байқаулардан жүлде алып, елге танылып, биік тұғырдан көрініп жүр. Осындай жекелеген өнер иелеріне, би ұжымдарына алдағы уақытта да жаңа шығармашылық ізденістер мен жетістіктер тілеймін.
Ұзақ жылдар бойына аудан мәдениеті мен өнерін көтеруге үлес қосып келе жатқан дәстүрлі әнші, ұстаз Әсем Бақитова биыл аудандағы дәстүрлі ән мектебінің негізін қалағанына 25 жыл толуына орай есептік шығармашылық концертін ұйымдастырып, халықтың ықыласына бөленді. Айта кетуім керек, сол шараға еліміздің түкпір-түкпірінде жүрген шәкірттері де келіп өнер көрсетіп, жерлестерінің зор қошеметіне ие болды.
-Сәті түскен сұхбатымызды алдағы уақытта атқарылар жұмыстар, мерейлі міндеттер туралы айтпағыңызбен түйіндесек. Мерекелі сәтте әріптестеріңізге не айтар едіңіз?
- Алда жоспар көп, міндет бар. Біздің басты ұстанымымыз бен бағдарымыз - Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай, ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлт тарихында болып жатқан ең өзекті мәдени жаңалықтар мен маңызды оқиғаларды халықпен қауыштыру, кейінгі жас буынға мақсатты насихаттау. Бұл бағытта бірлігі мен ынтымағы жарасқан сала қызметкерлері жұмыла іс қыла бермегіне сенім мол.
Ал төл мерекеміз - туған жеріміздің рухани дамуына және бай мәдени мұрамызды дәріптеуге зор үлес қосып жүрген жандарды біріктіре түсетін, өнер жанашырларына, шығармашылық адамдарына деген айрықша құрметтің белгісіндей атаулы күн. Біз әрбір мәдениет қызметкерінің еңбегін бағалай білгеніміз жөн. Алтын уақыттарын аямай, қандайма шара болмасын белсене қатысып жүрген өнерпаздар - нағыз өз ісіне, өнерге берілген азаматтар. Сондықтан халыққа үздік мәдени қызмет көрсетіп жүрген мәдениет қызметкерлері мен сала ардагерлерін әрдайым мақтан етеміз.
Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні – музей, кітапхана, театр, филармония, мәдениет үйлері қызметкерлерінің ғана емес, сонымен қатар сала ардагерлерінің, жалпы өнер сүйер қауымның мерекесі. Ел мәдениетінің одан әрі гүлденуіне, өнеріміздің асқақтауына қызмет етіп жүрген баршасына шығармашылық табыс-тар мен жаңа жетістіктер тілеймін! Рухы биік халықтың руханиятына қосар үлестеріңіз қомақты, әр еңбек күндеріңіз сәтті, шығармашылық жетістіктерге толы болып, мәдениетіміз бен өнеріміз өркендей берсін демекпін.
Сұхбаттасқан
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР