Медициналық кешен Томан тұрғындарына қызмет көрсетті

Исатай аудандық ауруханасының жылжымалы диагностикалық медициналық кешені ауылдарды аралап, тұрғындарға медициналық қызмет көрсетті.

Бұл туралы аудандық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлаған болатын.

Алдымен Тұщықұдық, Қамысқала ауылдық округтерінде болған кешен 29 қаңтар күні аудан орталығынан қашық орналасқан Томан елді мекеніне келіп тоқтады.

Елді мекенде 21 адам дәрігерлердің қабылдауында болып, қандағы қант құрамын анықтауға – 27, холестерин мөлшерін тексеруге – 49, электрокардиограммаға – 31, рентгенге – 40 адам тіркеліп, тексеруден өтті.

- Бүгінгі күні біздерге арнайы келген дәрігерлерге өзіміздің денсаулық жағдайымызды тексертіп жатырмыз. Бұл - біз сияқты шалғайда орналасқан халық үшін өте қуанышты жағдай. Себебі, аудан орталығына бару үшін уақытымызды, қаражатымызды жұмсайтын едік, бүгін, міне, дәрігерлер арнайы келіп, әр тұрғынды мейірімділік пен кішіпейілділік көрсетіп қабылдап жатыр. Біз ризамыз. Осылай жиі келіп тұруын қалар едік, - дейді диагностикалық тексеру кезінде қуанышын жасыра алмаған зейнеткер Зоя әжей дәрігерлерге алғысын жаудырып.

Енді мамандар шалғайда орналасқан Зинеден, Исатай ауылдық округінің тұрғындары үшін де арнайы барып, медициналық қызмет көрсетпек.

Айта кетейік, былтыр аудандық ауруханаға тұрғындардың денсаулығын уақытылы тексеру, көшпелі жағдайда диагностикалық зерттеулер жүргізу мақсатында заманауи жылжымалы диагностикалық медициналық кешен алынған болатын. Аталған кешен арқылы тұрғындарға көшпелі түрде профилактикалық, емдік және сауықтыру іс-шаралары жүргізіліп, азаматтардың денсаулық жағдайына диагностикалық зерттеулер өткізуге мүмкіндік туындады.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521