Жауапты да сауапты істің жүгін жиырма жыл бойы абыроймен арқалап келе жатқан №4 психологиялық–педагогикалық түзеу кабинеті биыл мерейлі межеге жетті. Уақыт табы тоздырмай, қайта шыңдаған тәжірибемен келген бұл ұжымның 20 жылдық еңбегі – балалардың тағдырына түскен жарық сәуле, ата-аналар үшін үмітке айналған сенім. Осы төл мерекеге орай аудандық «Жалын» мәдениет үйінде «Мейірім мен шеберліктің 20 жылы» атты облыстық семинар ұйымдастырылып, ерекше білім беру саласындағы үздік тәжірибелер мен жаңа бағыттар талқыланды.

Семинардың шымылдығы осы мекеменің ұлағатты ұстазы, ерекше балаға жан жылуын арнап өткен Асқар Молдабаевтың ерен еңбегін еске алу бейнеролигімен бастау алды. Ұстаздың әр сөзі, әр ісі, әр шәкіртіне қалдырған ізі залға жиналған жандардың жүрегіне әсер етпей қоймады. Артынша мекеменің алғашқы қадамдарынан бастап, оның негізін қалап, дамуына үлес қосқан ардагер ұстаздар сахна төріне шақырылып, оларға сый-құрмет көрсетілді. Семинардың алғашқы сөзін аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Жанұзақұлы алып, ұжымның 20 жылдық мерейтойымен құттықтады. Ол өз сөзінде ерекше баламен жұмыс істеу жәй ғана қызмет емес, жүректің таңдауы, адамгершіліктің шыңы екенін атап өтіп, ұжымның алдағы еңбегіне сәттілік тіледі.

Семинар барысында №4 түзеу кабинетінің қызметкерлері өз тәжірибелері мен жетістіктерін ортаға салып, «Логопедияда жасанды интеллекттің мүмкіндіктері», «Ерекше бала – ерекше әдіс», «Инновациялық құралдар мен тәжірибелер», «Сенсорлы интеграция – тиімді коррекциялық жұмыс құралы» сынды бағыттар бойынша баяндамалар жасап, жұмыстарымен таныстырды. Осы баяндамалардың ішінде көпшіліктің ерекше назарын аудартқан, логопедия саласына жасанды интеллектті енгізу бағытындағы жұмыстар болды. Жасанды интеллект арқылы арнайы логопедиялық ертегілер құрастырып, әріптерді толық айта алмайтын бүлдіршіндердің қызығушылығын арттыра отырып, оларды сөйлеуге ынталандыру – жаңа заман педагогикасының тың үлгісі ретінде жоғары бағаланды.

Семинардың әсерлі сәттерінің бірі – ұстаздар мен тәрбиеленушілердің бірлесе дайындаған ертегілері мен концерттік бағдарламасы. Бұл көріністер ұжымның 20 жыл ішінде жеткен жетістігі мен еңбегінің шынайы жемісін танытты. Балалардың сахнадағы еркіндігі мен ұстаздардың шеберлігі көрерменге ерекше сезім сыйлады.

Атырау облыстық білім беру басқармасы, әдістемелік орталықтың энклюзивтік және арнайы бөлімнің басшысы Гүлжанар Көбиева семинардың маңызын ерекше атап өтті.
– Бұл семинар – тек тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, ерекше балаларға көрсетілетін қызметтің сапасын арттыруға бағытталған маңызды шара. №4 түзеу кабинеті инновацияны батыл енгізіп, жұмысын заман талабына сай жетілдіріп келе жатқан ұжымдардың бірі. Әсіресе жасанды интеллект негізінде жасалған логопедиялық ертегілер – болашақтың педагогикалық бағытын айқындайтын нақты қадам. Мұндай игі бастамалар өңіріміздегі түзету педагогикасының жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал ететініне сенімдімін, – деді Гүлжанар Меңдігерейқызы

Бұл тағылымды күн – тек өткенді еске түсіру емес, жиырма жыл жинақталған тәжірибе мен мейірімге толы еңбектің мерейлі тойы болды. Ерекше баланың жүрегіне жол табу – үлкен жауапкершілік. Ал №4 психологиялық–педагогикалық түзеу кабинеті бұл міндетті сол жылдар бойы абыроймен атқарып келеді. Алдағы уақытта да ұжым мейірім мен шеберлікті серік етіп, талай баланың болашағына жарық сәуле сыйлай берері сөзсіз.
Еркебұлан УАЛИТХАН

