Мейрам Қажыкен: Әділет – басты ұстанымым

Орталық сайлау комиссиясының соңғы ақпаратына қарағанда, қазір сайлауға үміткер ретінде ұсынылған азаматтардың үшеуі ресми тіркелген. Қалған үміткерлер өңір-өңірде қол жинап жатыр.

Біз Президент болуға үміткер азаматтар туралы арнайы материалдар жасауды бастап отырмыз. Олар кім? Немен айналысқан? Мейрам Зекешұлы 1961 жылы Павлодар облысы Май ауданы, Қызыл-Құрама ауылында дүниеге келген. Мектепті жақсы бітірген азамат арнайы мамандық алуға талпыныпты. Сөйтіп, үш бірдей жоғары оқу орнын тәмамдаған. Негізгі мамандығы – инженер. Экономика ғылымдарының докторы. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару ұлттық жоғары мектебінің түлегі. Бүгінгі жеткен жетістіктерім – тынымсыз еңбектің нәтижесі, – дейді Қажыкен. Мейрам Қажыкен, Президенттікке үміткер: -Халықты тыңдай білу. Халықпен қарым-қатынаста болу. Күні-түні жұмыс істеу деген ол өзімен өзі болады ғой. Бірақ білімді болу керек. Тәжірибелі болу керек, сосын жүректі болу керек. Өзіміз халықтан шықтық қой. Халықты түсіне білу керек. Мейрам Қажыкен әр жылдары Экономика, көлік және коммуникация министрліктерінде, облыстық әкімшілікте, түрлі мекемелерде еңбек еткен. Қазір Заманауи қоғамды зерттеу институтының директоры. Айтуынша, қоғамдық көлікпен жүреді. Ел басқарам деген адам елмен сөйлесе білуі керек. Ұлт мүддесі үшін күресе білген адам ғана қайраткер, – дейді Мейрам Зекешұлы. Алаш арыстарының өмірі мен еңбектерін қызыға оқиды екен. Өміріне серік еткен басты ұстанымы – әділетті болу. Мейрам Қажыкен, Президенттікке үміткер: -Ең басты принциптер: заңға бағыну, әділеттік, әділетті болу. Егер мықты азаматтық қоғам болса, онда адам өзін еркін сезінеді. Әділеттік болса, онда әрине өзгерістер болады. Мейрам Қажыкен бірқатар ғылыми мақалалар мен «Адамның әл ауқаты», «Экономикалық белсенді адамның дамуы», «Адаптивті экономика моделі» атты кітаптардың авторы. Екі ұл, бір қызы, екі немересі бар. Алдағы сайлауда сыннан сүрінбей өтуге дайынмын дейді.

 

Дарын Сағитов

сурет ашық дереккөз

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521