Мекемелер футзалдан бақ сынады

Аудан айнасына айналып, өлкеміздің шежіресі атанған «Naryn tany» газетінің 70 жылдығына орай көптеген кешенді шаралар өтуде. Ақпарат айдынындағы басылымымыз ауданның бұқаралық спортынан да айналып өтпеді. Аққыстау ауылындағы дене шынықтыру сауықтыру спорт кешенінде  мерейтойға орай мекемелер арасында футзалдан турнир өтті.

Туринирге 10 команда қатысып, соның ішінде арнайы қонақ ретінде «Атырау-Ақпарат»-тан құрама команда шығып, «Naryn tany» газетінің намысын қорғады. Спорттық шараның негізгі мақсаты бұқаралық спортты дамыту, футзал арқылы мекемелер арасында достық қарым-қатынас орнату және газет оқырмандарын арттыру болды. Осы мақсатта турнирге аудан әкімдігі,  Жайықмұнайгаз, полиция, аудандық білім бөлімі, қазақтелеком-газ құрамасы, теміржолшылар,  өрт сөндіру мен Ш.Шәріпов атындағы балалар саз мектебі, аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі қатысты.

Шараның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Абежан, ардагер қаламгер Қаділжан Сағынаев, аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ринат Есқали, аудандық ішкі саясат бөлімнің басшысы Серік Амиров, Ш.Шәріпов атындағы балалар саз мектебінің директоры Ербол Ахтанов пен «Naryn tany» газетінің тілшісі Жоламан Дәулетияр қатысты.

Төл газетіміз “Нарын таңы” газетінің 70 жылдық мерейтойына арналған шаралар шеңберінде ұйымдастырылған футболдан жарысқа қош келдіңіздер! Биылғы жылы біздің ауданымыз үшін мерейтойға толы жыл. Соның ішінде ақпарат айнасы өзіміздің «Naryn tany»  газетіне биыл 70 жыл. Сондай-ақ, ауданның құрылғанына биыл 95 жыл және осы Аққыстау ауылының да жарты ғасырлық мерейтойын тойлағалы тұрмыз.  Газеттің мерейтойы қарсаңында бір қатар кездесулер, жастармен жүздесу сияқты әр түрлі шаралар өз дәрежесінде өткен болатын. Спорттық шара да мерейтой шараларынан тыс қалмады. Спорт пен мәдениет, ақпарат еліміздің болашағы  десек, достық-бірлік бағытындағы осындай кездесулеріңіз жалғасын таба берсін. Қонақ болып қатысып жатқан «Naryn tany»  газетінің намысын қорғайтын «Атырау-Ақпарат» ЖШС-тен келген командаға алғысымыз шексіз. Қатысушыларға сәттілік серік болғай, мерей той құтты болсын,-деді  аудан әкімнің орынбасары Нұрғайша Абежан шара шымылдығын ашып.

Аудан айнасы өшкенімізді жандандырған, естен кетіп бара жатқан кісілерді жаңғыртып жатқан төл газетіміздің 70 жылдығына сіздер мен біздер болып жақсы сәтке тап болып отырмыз. Айтылып жатқан тілектердің бәрі қабыл болсын.  Бұл басылымда сіздердің аталарыңыз да, туысқандарыңыз да бәрі сол газет бетінде көрінді және тұрақты оқырманына айналды. Сондықтан бір-бірімізді тануға жаршы газеттің әрқайсымыз үшін орны ерекше. Турнирде қарсылас командалар түсіністікпен, қызуқандылыққа салынбай, жақсы аяқтауларыңызға және шын жүйріктің жеңіске жетуіне тілектеспіз,-деді ардагер қаламгер Қаділжан Сағынаев қатысушыларға ақжарма тілегін арнап.

Қатысушылар өзара бақ сынап, жүлделі орындарды  тартысқа салды. Аяқ допшылар қызықты да тартысты ойын өрнегін көрсете білді. Жанкүйерлер де қызған ойынды соңына дейін тамашалап, ерекше қолдау танытты. Соңына дейін жұмбақ болып, тартысқа толы өткен турнирдің ақтық сынында аудандық білім бөлімі мен Исатай БЖСМ  1:1 есебінен тең ойнап, жеңімпазды матч соңындағы пенальтиден анықтады. Турнир қорытындысы бойынша ІІІ- орынға аудан әкімдігі командасы табан тіресе, ІІ-орынды аудандық білім бөлімі қанжығаға байлады, ал жүлделі І-орынға аудандық БЖСМ командасы ие болып, турнир чемпионы атанды. Қатысушылар арасында оқ бойы озық ойнап, төрешілердің назарына түскен қатысушылар да жоқ емес. Атап айтсақ, Бауыржан Сатыбаев «Үздік ойыншы» , Азамат Балмурзин «Тас қамал қорғаушы» және Жарасқан Сағындық «Қырағы қақпашы» аталып, марапатталды. Сонымен қатар Жанарыс Оспан  «Әділ төреші» атанды. Ұйымдастырушылар барша қатысушыларға алғысы айтып, үрдіске айналар игі шаралардың жалғасын таба беруіне сенім білдірді.

Камилла КАКИМОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521