Мектеп - гимназиядағы мазмұнды кездесу

 

Ауданның білім саласы бойынша соңғы уақытта қызметіне кіріскен білім беру ұйымдарының бірі – аудандық білім бөлімінің мектеп-гимназиясы. Қазір мұнда 300-ден астам оқушы білім алуда. Заманауи үлгідегі нысанда қоныс тепкен аталған білім ошағында соңғы уақытта көптеген игі бастамалар жол алып жүргені қуантады.

Сондай шаралардың бірі мектеп-гимназия директоры Тәбила Исмагулованың қолдауымен осындағы кітапхана ұжымы ұйытқы болған іс – «Кітап сыйлау сізден, білім беру бізден» деп аталатын рухани кеш болды. Кітап сыйлау акциясы аясындағы бұл шараға жергілікті қаламгерлер шақырылды.

Жылы лебізді жүздесу барысында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, тарихшы-өлкетанушы Мәди Өтеғалиевтың аудан орталығы Аққыстау ауылының өткені мен бүгінінен сыр шертетін «Жол бойындағы ауыл», Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Жоламан Дәулетиярдың құрастыруымен жарық көріп, ауданның төл басылымы – «Нарын таңы» газетінің тарихын топтастырған «Тасқа басылған тарих», тарихшы-өлкетанушы Мүтиғолла Насихановтың ізденісті еңбегінің нәтижесіндей болып қасиетті Нарын құмы хақында сыр шерткен «Киелі мекен – құм Нарын» кітаптарына оқушылар жетекші ұстаздарымен бірлесе талдау жасады. Сондай-ақ олар кітаппен танысу барысында көкейлеріне ұялап қалған сұрақтарын  кітап авторларына жолдап, жауаптарын да алды.

 

 

Қаламгерлер де аталған кітаптардың жазылуы, болашақтағы жоспар-жобалары, жалпы кітап деген керемет дүниенің адам өміріндегі орны турасында ой-пікірлерімен бөлісіп, кездесуге көптеп келген шәкірттерді газет-журнал, кітап оқуға, кітаппен дос болуға шақырды.

Кездесу соңында қаламгерлер өз кітаптарын мектеп кітапханасына ұсынса, Жанбай ауылындағы Х.Наубетов атындағы орта мектеп ұжымы жаңа білім ордасы кітапханасына сыйлаған 100 кітапты табыстау да көпті қуанышқа бөлеп, аманатты арқалай жеткен мектеп кітапханашылары Венера Сейлханова мен Марина Кубашева оны салтанатты жағдайда табыстады.

 

 

Мазмұнды өткен бұл басқосу шәкірттер арасында кітапты насихаттауға бағытталған, көпшіліктің көңілінен шыққан шара болды. Кездесуді қорытындылаған білім ордасының басшысы Т.Исмагулова өз сөзінде осы жайттарға тоқталды, игілікті істің алға қарай да жалғасын табатынына сендірді.

 

Әсел ТАБИҒАТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT