Әр дәуірдің болашағын айқындайтын күш – жас ұрпақтың белсенділігі мен көшбасшылық қабілеті. Жаңа идеялар мен тың бастамалардың ошағына айналған мектеп қабырғасындағы өзін-өзі басқару ұйымдары – сол болашақ көшбасшылардың алғашқы мектебі іспетті. Жауапкершілікті сезінген, ойын ашық жеткізе алатын, ұжымдық шешім қабылдауға бейім жас буын ғана ертеңгі күні ел тізгінін сенімді ұстай алады.
Осы мақсатта аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен мектеп оқушыларының өзін-өзі басқару көшбасшыларының форумы өтті. Білімді де белсенді жасөспірімдердің басын қосқан форумға ауданның 11 мектебінен жиналған командалар қатысып, көшбасшылық қабілеттерін шыңдады. Әр мектептен бес оқушыдан құралған топтар ортаға шығып, өздерінің ұйымшылдығы мен шығармашылық әлеуетін танытуға мүмкіндік алды.
Форумның басты мақсаты – оқушылардың бастамашылдығын қолдап, олардың азаматтық белсенділігін арттыру, сонымен қатар көшбасшылықтың жағымды бейнесін қалыптастыру. Бұл – мектептегі өзін-өзі басқару ұйымдарының жұмысын жаңа деңгейге көтеріп, тәжірибе алмасуға жол ашатын тың алаң болды.
Аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Айнұр Ерғалиева форумның мән-маңызына тоқталып, мұндай бастамалардың болашақ үшін маңызын атап өтті.
– Мұндай шаралар оқушылардың көшбасшылық қабілетін дамытуға, олардың бойында жауапкершілік пен белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға үлкен ықпал етеді. Әсіресе, өзін-өзі басқару ұйымдары арқылы балалар ерте бастан ұйымдастырушылыққа, топпен жұмыс істеуге үйренеді. Бұл – болашақ өміріне берік іргетас болады,-деді ол.
Форум бағдарламасы да мазмұнды болды. Алдымен оқушыларға өзін-өзі басқарудың мәні мен міндеттері туралы кеңінен ақпарат ұсынылды. Бұдан кейінгі кезеңде «Puzzle time» ойыны арқылы олардың логикалық ойлау қабілеті сыналды. Ал ұжымдық әрекетке құрылған квест тапсырмалары оқушыларды топ болып жұмыс жасауға, бір-біріне қолдау көрсетуге баулыды. Жас көшбасшылардың белсенділігі мен ынтасы іс-шара барысында ерекше байқалды. Олар тек білім мен біліктілігін ғана емес, жаңа идеяларын ортаға салып, өзара тәжірибе алмасты. Форумның ең басты жетістігі – жасөспірімдердің бойына сенімділік пен жауапкершілік дарытып қана қоймай, олардың шығармашылық әлеуетін шыңдауында.
Шынында да, осындай кездесулер жас буынның бойына жаңа серпін береді. Ертеңгі ел тізгінін ұстайтын азаматтарды тәрбиелеу – бүгінгі күннің жауапты міндеті. Ал көшбасшылық форум – сол міндетке апаратын бірегей қадам.
Камилла ҚҰРМАНҒАЗИЕВА