Жыл сайын бағасы шарықтай түсетін оқу құралдары мен мектеп формасын сатып алу бірінің қолынан келсе, енді бірінің қалтасы көтере бермейтіндігі рас. Міне, осындай келеңсіздіктің алдын алу мақсатында елімізде «Мектепке жол» акциясы дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.
Акцияның басты мақсаты –әлеуметтік мәртебеге ие отбасынан шыққан, көп балалы, аз қамтылған және де толық емес отбасы балаларына материалдық көмек көрсету.
Осы орайда, «AMANAT» партиясының аудандық филиалы мен аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен қайырымдылық шарасы жалғасын тапты. Аталмыш шарада алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімі Нұрым Мусин ата-аналар мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, акцияның маңыздылығын тілге тиек етті. Сондай-ақ, «Қамқор» қорының демеушілігімен 10 оқушыға қаржылай сертификат табыстады.
Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлжан Жұмалиева 15 оқушыға оқу құралдарымен толтырылған сөмкелерді үлестірді.
Одан бөлек, көпшілікке жылы лебізін білдірген «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Едіге Досқалиев пен аудандық мәслихат депутаты Ақкүміс Аманбаева және де бөлім басшылары оқушыларға қаржылай сертификаттарын тарту етті.
Жүздерінен шаттық лебі есіп, қуаныштан күлкі үйірілген балалар дән риза болса, ата-аналары да демеушілік танытып, қолдау білдірген жандарға шынайы алғыс сезімін білдірді. Осылайша акцияға атсалысқан барша азаматтар көптеген отбасының мектепке дайындығын жеңілдетуге сеп болды.
Сағыныш ҚАЙЫР