Мемлекет сенімін арқалағандар марапат төрінде

суреттер автордікі

 

23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер және Полиция қызметкерлері күніне орай аудандық «Жалын» мәдениет үйінде «Мемлекеттік қызмет – ел сенімін арқалаған міндет» тақырыбында салтанатты шара өтті.

 

 

Қос мерекеге арналған ісшараны ашқан аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов мемлекеттік қызмет пен ішкі істер саласының ел дамуындағы айрықша орнына тоқталып, сала ардагерлері мен қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Ол өз сөзінде бұл мамандықтардың жауапкершілігі жоғары, халық сеніміне негізделген қызмет екеніне назар аударды.

 

 

Жиын барысында мемлекеттік және құқық қорғау салаларында еңбек етіп, қызметінде ерекше көзге түскен бірқатар азаматтар марапатталды.

Атап айтқанда, Аққыстау ауылдық округінің әкімі Ғаділ Боранбаев «Исатай ауданының Құрмет грамотасына» ие болды. Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін аудандық аумақтық инспекцияның бас маманы Ризабек Жақсыбаев пен аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ақжол Елеубайұлы Атырау облысы әкімі Серік Шәпкеновтың Алғыс хатына ие болды.

 

 

Сонымен қатар ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алғыс хаты аудан әкімінің кеңесшісі Еркебұлан Зинеденов пен аудандық мәслихат аппаратының бас маманы Әлия Исмагуловаға табысталды.

 

 

Ісшарада ерекше атап өтер жайт – марапат тек қызметкерлерге ғана емес, олардың ата-аналарына да табысталды. Бұл – бала тәрбиесіне берілген зор баға, ата-аналарға деген құрметтің айғағы.

 

 

Мерекелік кеш барысында аудандық мәслихат төрағасы Аманжол Рахметов те мереке иелерін құттықтап, бірқатар қызметкерлерге облыстық және аудандық мәслихаттың Алғыс хаттарын табыс етті.

 

 

Салтанатты жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин де құттықтау тілегін білдіріп, сала ардагерлеріне көрсетілер құрметтің орынды екенін айтты.

 

 

Осы орайда ел мүддесіне адал еңбек еткен Мәди Тахаев, Өзихан Ғаббасқызы Шәкесова, Рафиғат Ануарбекқызы Тажиденова «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталды. Ал Тұщықұдық ауылдық округінің бас маманы Ғалия Қабдыжанқызы Дюсеноваға «Хиуаз Доспанова» атындағы медаль табысталды.

 

 

Полиция қызметкерлері де назардан тыс қалған жоқ. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау жолындағы табанды еңбектері үшін Асхат Қадіржанов, Жанұзақ Оңғаров және Фархат Садихов аудан әкімдігі мен мәслихаты тарапынан марапатталды.

 

 

Басқосу барысында мінберге көтерілген аудандық полиция бөлімінің бастығының бірінші орынбасары, полиция майоры Нұрсұлтан Мұхамбетқалиев әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, құқық қорғау қызметінің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, бұл – мәртебелі де абыройлы міндет.

 

 

Осылайша, қос саланың қызметкерлері мен ардагерлеріне көрсетілген құрмет – мемлекеттің оларға артқан сенімінің көрінісі. Марапаттар – жас мамандар үшін үлгі, ал сала қызметкерлері үшін жаңа белестерге жетелей түсер күш екені анық.

 

Әсел ТАБИҒАТҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT