Мемлекеттік қызметкерлер үшін декларациялау және мүлікті сенімгерлік басқаруға беру мәселелері түсіндірілді

 

Атырау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінде мемлекеттік қызметшілерге жеке тұлғалардың декларация тапсыру тәртібі мен мүлікті сенімгерлік басқаруға беру талаптары бойынша түсіндірме жұмыс жүргізілді. Жиынға департамент қызметкерлері және Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті, жалпыға бірдей декларациялау бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Баян Сибатова қатысты.

Жиында 250.00 және 270.00 нысандарын тапсыруға міндетті тұлғалар тізімін түсіндіріп, декларациялауға жататын активтер мен міндеттемелер туралы кеңінен ақпарат берілді. Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті, жалпыға бірдей декларациялау бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Баян Сибатованың айтуынша, мүлік туралы декларацияны мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектор басшылары, банктер мен сақтандыру ұйымдарының өкілдері, бағалы қағаздар нарығының қатысушылары, коммерциялық ұйымдардың жауапты тұлғалары, шетелде мүлкі бар азаматтар және 1000 АЕК-тен астам қаражаты бар тұлғалар тапсырады.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшінің мүлкін сенімгерлік басқаруға беру тәртібі де жан-жақты түсіндірілді. Заңға сәйкес, мемлекеттік қызметші қызметке кіріскен күннен бастап 30 күн ішінде заңды түрде иелігіндегі ақшаны, жалға берілетін мүлікті, жарғылық капиталдағы үлестерді, бағалы қағаздарды және кіріс әкелуге бағытталған өзге де активтерді сенімгерлік басқаруға беруі тиіс. Сенімгерлік басқару шартын бекіту нотариат арқылы рәсімделеді және оның көшірмесі тиісті кадр қызметіне жолданады. 

 

 

Жиын барысында сонымен бірге сенімгерлік басқару шарты бұзылған жағдайда орындалатын рәсімдер, мерзімдер және мемлекеттік қызметкердің міндеттері түсіндірілді. Қатысушылар қойылған сұрақтарына толыққанды жауап алды.

Іс-шара қорытындысында департамент басшылығы қызметкерлерге құқықтық талаптарды сақтау маңыздылығын атап өтіп, түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын айтты. 

 

 

Зоя САПАРОВА,

Атырау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT