Аудан әкімдігінде мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормалары жөнінде жиын өтті. Кездесуге Атырау облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Фарида Ахметова қатысып, мемлекеттік қызметтегі кәсіби әдебінің негізгі талаптарын түсіндірді.

Бұл жиынға аудан әкімі Нұрым Мусин, аудандық мәслихат төрағасы Аманжол Рахметов, аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов, аудан әкімі аппаратының басшысы Арманбек Махмутов, дербес бөлім басшылары және де ауылдық округтер әкімдері мен мемлекеттік қызметшілер қатысты.

Кездесу барысында алғы сөз алған Фарида Ахметова қызметкерлердің этикалық жауапкершілігі туралы айта өтіп, тілге тиек етті.
– Мемлекеттік қызметші қоғамның сенімін сақтап, Әдеп кодексінің талаптарын мүлтіксіз орындауы қажет. Әділдік, ашықтық, өкілеттікті теріс пайдаланбау, іскерлік стилі мен сыртқы келбеттің талапқа сай болуы – әр қызметкердің күнделікті дағдысына айналуы тиіс. Қызметтегі әйелдерге қысым көрсету сияқты әрекеттер ешқашан орын алуға тиіс емес. Басшылар өз қарамағындағы қызметкерлерге үлгі болуы, меритократия қағидатын қамтамасыз етуі керек, -деді ол өз сөзінде.

Кездесуде мемлекеттік қызметшілер де сөз алып, жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру, әлеуметтік желідегі мәдениет, сыртқы келбет пен іскерлік әдеп туралы ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар Әдеп жөніндегі кеңестің рөлі мен оның мемлекеттік қызметтегі тәртіпті нығайтудағы маңызы талқыланды.

Жиын аудан әкімі Нұрым Мусиннің төрағалығымен жүргізіліп, сөз арасында ауданның жалпы жағдайына тоқталды.
– Ауданымызда 26 мың тұрғын бар. Бүгінде нашақорлық дерегі тіркелмеген, жалпы ахуал тұрақты. Алайда бұл тоқмейілсуге себеп емес. Әр қызметкер заң талаптарына бағынуды, халықпен дұрыс қарым-қатынас орнатуды, уәде беріктігін сақтауды басты міндет деп білуі тиіс,-деді аудан басшысы.

Осылайша қатысушылар мемлекеттік қызметтің беделі мен әдеп мәдениетін арттыруға арналған жаңалықтармен құлағдар болды.
Сағыныш ҚАЙЫР

