Мемлекеттік қызметшілерге Әдеп кодексінің жаңа редакциясы түсіндірілді

Бүгін Атырау облысы бойынша Әдеп жөніндегі уәкіл Фарида Ахметова және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Динара Сағидоллақызы Исатай ауданы әкімдігінің мәжіліс залында мемлекеттік қызметкерлермен кездесті.

Аудан бойынша Әдеп жөніндегі уәкіл Рашид Мұқанов төрағалық еткен жиынның күн тәртібінде Әдеп кодексінің жаңа редакциясының талаптары және мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар қаралды. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша баяндама жасаған Фарида Ахметова жақында Президент Жарлығымен мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі жаңа редакцияда қабылдағанын атап өтіп, Әдеп кодексіне енгізілген жаңа өзгерістерге тоқталды.

i

Сонымен қатар мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары айқындалып, кодекс мемлекеттік қызметшілердің өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және парасаттылық атмосферасын құруға бағдарланғанын жеткізді.

i

- Жаңа кодексте мемлекеттік қызметтің алты әдептілік қағидаты айқындалды: адал ниеттілік – қоғам игілігі үшін мемлекетке кәсіби және жауапты қызмет ету; адалдық – өз міндеттеріне шынайы көзқарас; әділдік – жеке және заңды тұлғалардың, қоғамдық топтар мен ұйымдардың ықпалына қарамастан заңды шешім қабылдау және кез келген мән-жайлар бойынша біржақтылық пен субъективтілік себебінен адамдарды кемсітуге жол бермеу; ашықтық – жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын екенін көрсету және өз іс-қимылының ашықтығын қамтамасыз ету; сыпайылық – азаматтар мен әріптестерге дұрыс және құрметпен қарау; клиентке бағдарлану – мемлекеттік қызметтерді тұтынушы ретінде халықтың сұраныстарына толықтай бағдарлай отырып, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және жолданымдарды қарау кезiнде төрешiлдiк көрiнiстерiне және әуре-сарсаңға салуға жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау. Әрбір мемлекеттік қызметші өз міндетін атқару барысында осы аталған қағидаттарды назарға алуы тиіс. Енгізілген қағидаттарға сәйкес, мемлекеттік қызметші қоғаммен жұмыс істеуге дайын екенін, қызметінің ашықтығын көрсетіп, азаматтардың сұранысына сай қызмет көрсетуге және олардың өтінішін қарау кезінде халыққа сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік алады. Жалпы айтқанда, кодекске енгізілген өзгерістер мен толықтырулар мемлекеттік қызметшінің әркез қоғамның сұранысына сай ашық қызмет көрсетуін талап етеді, - деп толықтырды өз сөзін баяндамашы.

Облыстың Әдеп жөніндегі уәкілі өз баяндамасында мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандарына да тоқталды. Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметшілерге сыйлық қабылдауға қатысты шектеулердің барын еске салды.

- Кез келген мемлекеттік қызметшіге түскен қандай бір зат ол сыйлық болып саналады. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» ҚР Заңына сәйкес сыйлық алу және беру мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін тәртіп бұзушылық ретінде қарастырылады. Бұған жол берген мемлекеттік қызметші заңмен тәртіптік жауапкершілікке тартылады, тіпті болмаса, мемлекеттік қызметінен қуылуға әкеліп соғады. Егер мемлекеттік қызметшінің 2 АЕК-ке (айлық есептік көрсеткіш) дейін сыйлық алғандығы дәлелденсе, әкімшілік құқық бұзушылық орын алған болады. Ал, егер сыйлықтың бағасы аталған көрсеткіштен көп болған жағдайда қылмыстық іс әрекет ретінде жауапкершілік қарастырылған, - деді Фарида Ахметова.

Бұдан соң күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Динара Сағидоллақызы баяндама жасады.

i

- Мемлекеттік қызметшінің тәртіптік жауапкершілігіне қатысты келіп түскен кез келген мәліметтер туралы мемлекетттік қызметшіден түсініктеме алынатындығы және оған екі күн уақыт берілетіні белгілі. Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жауапкершілік қарау үшін және қызметтік тергеп-тексеруге негіз болатын себептер көрсетілген. Нақтырақ айтқанда, мемлекеттік органдардан, оның ішінде құқық қорғау органдарынан келіп түскен материалдар, сол құрылымдық бөлімшенің басшысының жазған жазба хаттарының ұсыныстары және БАҚ-на жарияланған жариялымдар мен бейне материалдардың қамтылуы тергеп-тексеруге негіз болып табылады. Мемлекеттік қызметшілер тек тәртіптік жазамен келіскен жағдайда, тікелей басшысының тиісті актісіне сәйкес тәртіптік жазасы қарастырылады және бұл өзгеріссіз қалды. Осы тұста айта кетерлік жайт, мемлекеттік қызметшілердің қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту, атқаратын лауазымын тоқтату немесе төмендету түріндегі тәртіптік жаза қолданылатын кезде мемлекеттік қызметшіге міндетті түрде тергеп-тексеру жүргізіледі. Бұдан бөлек, түсініктеме алу мерзімімен қоса мемлекеттік қызметшілердің тәртіп жауапкершілігін қолданудың барлық кезеңдеріне мерзімдер белгіленді. Бұл уәкілетті адамға белгілі болғаннан кейін мемлекеттік қызметшінің құқық бұзушылығы бойынша бес жұмыс күннің ішінде қызметтік тергеп-тексеру тағайындалуға жатады, яғни екі күннің ішінде түсініктеме алу мерзімі осы бес жұмыс күннің ішіне енгізілген. Тәртіптік комиссияның ұсынысы берілген соң, уәкілетті адам бес жұмыс күннің ішінде тиісті мемлекеттік қызметшіге қатысты тәртіптік жазаны қабылдайды немесе қабылдаудан бастартады немесе тағы қосымша қызметтік тергеп-тексеруге жолдау туралы үшінші шешім қабылдайды. Осы ретте бес жұмыс күн ішінде шешім қабылдауға міндетті, - деді басқарма басшысы.

Динара Сағидоллақызы бұдан бөлек, 2021 жылы қаралған шағымдардың статистикалық есебіне тоқталып, нақты шағымдар мен олар бойынша қолданылған шараларды түсіндіріп өтті. Сондай-ақ, құқықтық тәртіпті және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу шаралары баяндалды.

i

Жиынды қорытындылаған Рашид Мұқанов мемлекеттік қызметші болу – үлкен абырой мен міндет екенін және мемлекеттік қызметшілердің сыртқы мәдениеті мен ішкі дүниесінің ұштасып жатуы, әдептіліктің белгісі екендігін тілге тиек етіп, барша әріптестерін кодексте көрсетілген жаңа өзгерістер мен толықтырулар негізінде жұмыс атқаруға шақырды.

Айта кетейік, жиынға мемлекеттік қызметшілермен қоса білім беру ұйымына қатысты мектептің бірінші басшылары, қосымша білім беру ұйымдарының меңгерушілері, мемлекеттік мекемелерге қарасты коммуналдық мекеме басшылары қатысты. ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңында көрсетілгендей, аталған мемеке басшыларының барлығы мемлекеттік қызметшіге теңестірілген лауазымды тұлғалар қатарына жатады.

Әділбек СЫРЫМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT