8 кластық біліммен жүрсем де, кітап пен газеттен қол үзген кезім болған жоқ.
Жылда «Нарын таңы» мен «Жас алаш» газетін және «Жұлдыздар отбасы» журналын жаздырып алдыртамын.
Бүгінде жастардың дені кітап, газетті көп оқымайды. Керек ақпаратты бәрі телефон бетінен қарап, көз майын тауысып отырады. Сыртынан қараған адамға түрлері аянышты, үңіліп кеп жатады. Сайттан оқып аламын дегенді де балаларымнан жиі естимін, ол да ақпарат таратудың бір жолы болар, дегенмен, газетті қолға ұстап оқып, талдағанға жететіні жоқ.
Бұрын, аудандық газет «Малды өңір» боп тұрған кезінде, анамыз, депутат Мағрипа Ізмағанбетова туралы көптеген материалдар басты. Біз соларды осы күнге дейін сақтап келеміз. Сұраған туыстар болса да сарғайған газет беттерін ақтарып отырамыз. Ал, сайттағы материал техникалық ақаулықтар болса кетіп қалуы мүмкін. Сол себепті мен газеттерді үйде жинап, түптеп отырамын. Бір кездері керегі болары анық.
Газет пен журнал, кітап деген адамның рухани азығы ғой. Өзімнің аудандық газетті алдырудағы басты себебім - аудан, ауыл жаңалықтарымен танысу, оларды талдау. Үйде отырған зейнеткер болған соң, жаңалықты үнжария бетінен іздейміз. Жақсы жаңалық болса көңіліміз марқайып қалады. Көлемді әдеби материалдарды да жібермей оқимын. Сөздің шыны керек, соңғы беттердегі қадеге шақыруды да қарап отырамыз, өйткені, ол да керек. «Өлі жебемей, тірі байымас» деген бар.
Біреулердің газетке жазылуға қалтасы көтермес, бірақ, мүмкіндік болса газет жаздырып алғанды құптаймын. Көзім бар кезде кітапхана кітаптарын ақтаратынмын, бүгінде аздап денсаулықта ақау болған соң, азайттым. Сонда да күнделікті келген газет пен журналды балалардың көмегінсіз оқып отырамын.
Мұхит ЕСҚАЛИЕВ,
Х.Ерғалиев ауылының тұрғыны, зейнеткер