"Менің бұл таңдауыма әкем де қарсы болмай,қолдау білдірді" -дейді Маруся Қабдрашқызы

Әйел - нәзікжанды десек те, барлық қиындықты жеңе білетін күш-жігер иесі. Қазіргі кезде нәзікжандылардың әр салада ер адамдармен иық тіресе еңбек етуі де соның бір дәлелі.Жыл сайын көктемнің алғашқы мерекелерінің бірі — 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ардақты аналарымыз бен қыз-келіншектерімізді төл мерекелерімен құттықтап,жақсы тілектерімізді жаудырып жатамыз. Осындайда тілшілер тобы аудан айнасына жариялау үшін ауданымызда ісімен де, көркімен де көзге түсіп, өз ортасында беделді, отбасының ұйытқысы болып отырған нәзікжандыларды бетке алатынымыз жасырын емес.

Аудан орталығы - Аққыстауды айтқанда, сонау алпысыншы жылдардың аяғында шойын жол төселіп, кейін әр жерде темір жол бекеттері салынып, оған жан-жақтан мамандар ағылғаны есімізде. Бүгінгі күнде ел экономикасының күретамыры саналатын темір жолда да қызмет атқарып жүрген қыз-келіншектер жетерлік. Ел қатарлы еңбек етуден бөлек, темір жол саласының қыр-сырын толық меңгеріп, өз саласының үздігі атанып үлгергендері де баршылық.

Мереке қарсаңында осындай жандардың бірі, Аққыстау стациясының кезекшісі Дүйсенғалиева Маруся Қабдрашқызымен жолығудың сәті түсті.

Маруся 1971 жылы сол кездегі Забурын кеңшарында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. «Әкем - көмекші шопан, анам - үй шаруасында болды» дейді Маруся Қабдрашқызы. Дала төсін көріп өскен қаршадай қызға, ұзыннан шұбап, ерсілі-қарсылы ағылып жа- татын пойыздарды көргенде, теміржолшы мамандығын таңдауға қызығушылығы оянғаны анық. 1989 жылы Жанбай ауылындағы орта мектепті бітіріп, арман қуған қатарларымен бірге оқуға атанады. Кішкене қыздың ойы орындалып, сол жылы Гурьев темір жол көлігі техникумына «тасымалдауды ұйымдастыру және басқару» факультетіне оқуға түсіп, 1992 жылы оқуын аяқтап, темір жол саласының маманы боп шыға келеді. 1993 жылы маусым айында Аққыстау станциясына қарасты No15 бекетте кезекші болып, еңбек жолын бастап, осы No15 бекетте жиырма жыл үзбей қызмет атқарады.

Маруся Қабдрашқызы: -Өзім теміржолшы мамандығына қызығып, таңдау жасадым. Менің бұл таңдауыма әкем де қарсы болмай, қолдау білдірді. Оқуды аяқтап шығуыма барлық жағдайды жасады. Әкемнің сенімін ақтап, тұрмыс құрғанша, он жылдай ата-анама еңбегімнің жемісін татқызып үлгергеніме шүкір етемін,- дейді.

2015 жылы отбасы жағдайына байланысты Аққыстау стан- циясына кезекші болып ауысып, күні бүгінге дейін сол жерде еңбек етіп келеді. 2003 жылы тұрмысқа шығып, отбасын құрған, бұл күнде екі қыздың анасы. Енесі денсаулығы кем болғанына қарамастан немерелерін қасына алып бағып, жары екеуі кедергісіз жұмыс жасауына мүмкіндік жасап, қолдау білдіргендеріне ризашылығын жасырмады.

Маруся Қабдрашқызы: -Темір жолдың жұмысы темірдей тәртіп пен жауапкершілікті талап етеді. Өйткені, жолаушы және жүк тасымалын ұйымдастыру, қозғалыс қауіпсіздігін сақтау - біздің басты міндетіміз. 1993 жылы Қарабалин Кеңес ағай басшы болған уақыттан бері темір жол жұмысы мол жауапкершілікті талап ететінін түсіндім. Сол кезде қызмет еткен алдыңғы буын Жұмағалиев Меңдібай, Шарипов Мырзабек, Мағзомова Күлән сынды аға-апалардан үйренгенім өте көп. Осы аға- апалардан үйренгенімді, алған тәжірибемді кейін келіп жатқан Сыналбеков Тәңірберген, Нәби Әнуар сынды жастармен бөлісуді азаматтық борышым деп білемін.

Қиындығы мен қызығы мол шойын жолдың қыр- сырын меңгерген Маруся Қабдрашқызының еңбек еткеніне отыз жылдан асыпты. Өткен жылы Аққыстау станциясының басшысы Гүлнар Жағыпарқызының ұсынуымен «Қазақстан темір жолы» ҰҚ Атырау жүк тасымалы бөлімшесі ғимаратындағы Құрмет тақтасына суреті ілінген.

Қазақ қызына тән бар ибалылықты бойына сіңірген Маруся «бос уақытта сүйікті ісім, қолмен іс тігіп, тоқыма тоқығанды ұнатамын» дейді.

 

Аяпберген Салихов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521