«МЕНІҢ ДАУЫСЫМ НЕ ШЕШЕДІ?» деп сайлауға салғырттық танытпайық

 

Сайлау – сайланбалы мемлекеттік лауазымдарға адам таңдау науқаны. Азаматтардың саясат пен мемлекеттік басқаруға атсалысуының ең көлемді әрі нақты нысаны. Уикипедия қазақша ашық энциклопедиясында демократиялық қоғамда сайлау мемлекеттік жүйенің тиімділігін арттыру, саяси элита мен жетекшілерді іріктеу, үкімет пен басқарушы саяси партияның саясатын бағалау, мемлекеттің қызметіне қоғамның бақылау жасауына мүмкіндік беру, саяси жанжалдың алдын алу сияқты міндеттер атқаратыны айтылған. Осы міндеттер атқарылуы үшін сайлау жалпыға бірдей, тең, төте (жанама сайлаудың демократиялығы төмен), жарыспалы, ерікті түрде өтуге тиіс делінген. Яғни сайлау – маңызды, ендеше сайлауға қатысу да маңызды. Нақ осы жайт аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қабыл Рамазанұлы Губашевпен арадағы әңгімемізге өзек болды.  

-Қабыл Рамазанұлы, сайлаудың салмағы жөнінде әркім де біледі. Ендеше сол сайлау кезіндегі азаматтардың белсенділігі де маңыздылығында сөз жоқ. Осының өзі-ақ әр азамат өз сайлау құқығын белсенді пайдалануға маңыз беруі керегін айқындап тұр емес пе?

-Қазақстан Республикасы Конституциясының 33-бабында 18 жасқа толған Республика азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлау және сайлану, сондай-ақ республикалық референдумға қатысу құқығына кепілдік берілген. Бұл кепілдік азаматтардың шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, діни көзқарасына, нанымына немесе кез келген басқа жағдаяттарға қарамастан іске асуы тиіс. Әрине, сайланушы және сайлаушы ең алдымен Қазақстан азаматы болуы қажет. Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған немесе сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлануға, сайлауға, республикалық референдумға қатысуға құқығы жоқ.

Көптеген беделді халықаралық ұйымдардың белсенді мүшесі ретінде Қазақстан еркін және бәсекелес сайлау өткізу бойынша өзінің барлық міндеттемелерін сақтауға тырысады. Елімізде Мемлекет басшысын, Қазақстан Республикасы Парламенті мен мәслихаттары депутаттарын, сондай-ақ аудан, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін сайлау ашықтық жағдайында өтуде. Соңғы жылдары Қазақстанда ауыл және аудан әкімдерін сайлау жүзеге асуда. Бұл жаңа тәжірибе және Еуропа елдерінің мысалына сүйеніп іске асырыла бастады. Оны өте қажет бастама деуге болады. Азаматтар өздері тұратын ауыл-аймақтың басшысын таңдау құқығына ие болуы - әділетті шешім. Әзірге осы сайлауларда кандидаттардың жеке қасиетіне қарағанда, кандидаттың ел ішіндегі танымалдылығына байланысты дауыс берілетін сәттер бар. Алайда көш жүре түзеледі және сайлаушылардың болашақта кандидаттың тәжірибесі, білімі, ұстанымы, елді мекенді дамыту жоспары, сайлау бағдарламасына қарай дауыс берілетін күн алыс емес. Қазірдің өзінде ол бар және ақырындап алға жылжып, дамуда. Сайлаудың маңыздылығында сөз жоқ, азаматтарымыз соған сай өз сайлау құқығын белсенді іске асыру да маңыздылығын үнемі ескере білуі абзал.

Қоғамдағы кемшілік пен олқылық көптің көмегімен, таңдауымен түзеледі емес пе? Еліміздің жағдайын сырттан келіп біреулер жөндеп бермейтіні бесенеден белгілі. Елдік мәселе де көптің ұсынысымен, кез келген деңгейдегі сайлауға барып, өз таңдауын жасаумен шешілетіні анық. Демократиялық сайлау мен елдік мәселені ойлау бір-бірімен тығыз байланысты. Ендеше, сайлауда дауыс беру – әр азаматтың міндеті. Ал азаматтары немқұрайдылық танытқан қоғамның тасы өрге домаламайтыны айқын. Өсетін елдің азаматтары сайлауда өз таңдауын жасайтыны сөзсіз.

 

-Қоғамда ел тағдыры шешілетін маңызды науқанға атүсті қарап, сайлауда дауыс беруге ынтасы жоқ жандар да кездеседі. «Отан отбасынан басталады» дейміз. Ауылдастар неге отбасылық тұрғыдан ғана ойланып, елдік маңызы бар шаруаларға бас ауыртпайды? Тұрмыс тауқыметі ме, әлде, идеологиялық жұмыстың ақсап тұрғаны ма?

-Жалпы, сайлау десе жұртшылықтың елең ете қалатыны шындық. Дауыс беруге бармағандардың өзі «Кім жеңіске жетті екен?» деп сайлаудың қорытындысын білуге асығады. «Менің дауысым не шешеді?» дегендердің үйдің сыртында саясат жайлы сайрайтыны және бар. Сайып келгенде, елдің тағдыры шешілетін маңызды науқан туралы әр тұрғынның өзіндік пікірі бар. Ендігі жерде сайлаушылардың белсенділігін арттырып, баянды болашаққа деген сенімді қалыптастыру маңызды.

Бұған дейін ауыл әкімін халықтың өкілі болып саналатын жергілікті мәслихат депутаттары сайласа, 2021 жылдан бері елге басшылық етуге лайық азаматты жұртшылық өзі таңдап, елімізде ауыл әкімдері тікелей сайланып, жаңа форматта ұйымдастырылған саяси науқан тиімділігін дәлелдеді. Таңдау тұрғындардың өзіне берілсе, кез келген тұрғын өз ауылының болашағына бейжай қарамайтынын аңғардық. Көпшіліктің күткені де сол.

Мұндай жүйе дауыс берушілерге де, әкім креслосынан үміткерлерге де таңсық дүние болғаны рас. Жаңа үлгідегі ауқымды реформа өтеді дегеннен бері атқарушы органдар мен кандидаттардың алаңдағаны өз алдына, тұрғындар да кәдімгідей қобалжыған. Сарапшылардың айтуынша, кез келген жаңа бастамада қателік, жобаға жатсыну болады. Бірақ бұл реформа дұрыс әрі дер кезінде іске асты. Ұтымды шешім! «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы осылай жүзеге асуға тиіс. Билік пен қоғам арасында нәтижелі диалогтің басталғаны қуантады.

Мемлекеттің болашағына бейжай қарамайтын тұрғындар да таңнан таңдауын жасап, белсенділік танытады. Ұйымдастыру жұмыстары жан-жақты жүргізіліп жатыр. Дауыс беруге ниет болса жеткілікті. Денсаулық жағдайына байланысты учаскеге келе алмайтын азаматтарға олардың өтініші негізінде комиссия мүшелері үйлеріне барады. Сайлау күні жергілікті уақыт бойынша сағат 12:00-ден кешіктірмей, егер сіз денсаулығыңыздың жай-күйі бойынша, науқас отбасы мүшесін күту себебі бойынша, сайлау учаскелері құрылмаған шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда болып, дауыс беру үшін келе алмайтын болсаңыз, учаскелік сайлау комиссиясына өзіңіз болатын жерде дауыс беруді ұйымдастыру туралы жазбаша өтінішпен жүгінуге құқылысыз. Учаскелік сайлау комиссиясы сіздің болатын жеріңіз бойынша дауыс беруді ұйымдастыруға тиіс.

Тіпті, уақытша ұстау изоляторларында дауыс беру орны қарастырылған. Сонда темір тордың ар жағындағы азаматтың өзі таңдау жасап жатқанда, еркін өмірдегі тепсе темір үзетін азаматтың дауыс беруден қалыс қалуы қаншалықты ақылға сыйымды? Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы тарапынан қандай сайлау болса да елді, халықты құлақтандыру мақсатында жергілікті ақпарат беттерінде, аудан әкімдігінің сайтында, аумақтық сайлау комиссиясының фейсбук парақшасында, сонымен қатар сайлау тағайындалған ауылдардың ватсап әлеуметтік желілері арқылы барлық ақпараттар, сайлау учаскесінің орны мен уақыты бейнероликтер арқылы да жарияланып, көшедегі арнайы бөлінген орындарға билбордтар ілініп, әр сайлаушыға шақыру қағазы таратылуда. Дейтұрғанмен сайлаушылар тарапынан белсенділік өте төмен.

 

-Осы жерде сайлауға қажетті шарттарды нақтылай кетсеңіз. «Керек тастың ауырлығы жоқ», азаматтарымыз біле жүргені абзал емес пе?

-Сайлауға қатысу үшін қажетті шарт сайлаушылар тізіміне сайлаушылардың енгізілуі болып табылады. Сайлаушылардың тізімдерін тұрғылықты жері бойынша тиісті әкімдік жасайды.

Сайлау тағайындалған сәттен бастап әрбір сайлаушы тиісті әкімдікте сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы. Сайлауға дейінгі 30 күннен кешіктірілмей.

Дауыс беру күніне 15 күн қалғанда, сайлаушылардың тізімдері сайлау учаскелерінде танысу үшін сайлаушыларға ұсынылады.

Сіз сайлаушылар тізімдеріндегі өзіңіз туралы деректерді тексеруге және тізімге енгізілмегеніңіз, дұрыс енгізілмегеніңіз немесе тізімнен алынып тасталғаныңыз, сондай-ақ тізімдегі сіз туралы деректерде жаңсақтықтар жіберілгені үшін шағым жасауға құқылысыз. Тізімдерге түзетулер енгізу қажеттігі туралы өтініштерді учаскелік сайлау комиссиясы өтініш келіп түскен күні қарайды.

Дауыс беру сайлау күні сайлау учаскесіндегі дауыс беруге арналған үй-жайда жергілікті уақыт бойынша таңғы  07.00-ден 20.00-ге дейін өткізіледі. Сайлаушы өзі дауыс береді. Сайлауда дауыс құқығын басқа біреуге беруге және сол сияқты басқа адам үшін дауыс беруге жол берілмейді. Дауыс беруге арналған бюллетеньдер сізге сайлаушылар тізімінің негізінде Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжатын немесе жеке куәлігіңізді көрсеткен кезде беріледі. Сіз сайлаушылар тізімінде бюллетеньдерді алғандығыңыз туралы қол қоясыз.

Сайлау бюллетеньдерін сайлаушы жасырын дауыс беруге арналған кабинада толтырады. Оларды толтыру кезінде сізден басқа кімнің болса да кіріп тұруына тыйым салынады. Егер сіздің бюллетеньдерді өз бетіңізше толтыруға мүмкіндігіңіз болмаған жағдайда, өзіңіз сенетін адамның көмегін пайдалануға құқылысыз, оның аты-жөні дауыс бергеннен кейін сайлаушылардың тізіміне тіркеліп, тұсына сіздің бюллетень алғандығыңыз туралы қолыңыз қойылады. Өзіңіз сенген адамдар сайлау комиссиясының мүшесі, жергiлiктi өкiлдi немесе атқарушы органның лауазымды адамы, кандидаттың сенiм бiлдiрген адамы, бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлі, тиiстi сайлау комиссиясында тiркелген байқаушы болмауы керек.

 

- Жуырда ауданда Тұщықұдық ауылдық округі әкімінің сайлауы өтсе, алдағы уақытта Аққыстау ауылдық округі әкімінің сайлауы өтетіні жария болуда. Осы ретте жалпы сайлау науқанына қатысты ауылдастарға басқа айтарыңыз бар ма?

-Сайлау - ел дамуы үшін аса маңызды науқан. Ол  халықтың саяси белсенділігін және саяси сауатын жоғарылатуға, азаматтық қоғамды дамытуға үлес қосатын негізгі процесс. Осы жайттарды алға тарта отырып ауылдастарға айтарым, сайлауды ұйымдастыру мен өткізуге байланысты өздерін қызықтыратын барлық мәселелер бойынша аудандық аумақтық немесе учаскелік сайлау комиссияларына жүгінуіне болатындығы. Оларды ел болашағы үшін өз таңдауларың жасауға, сайлау құқығын пайдалана отырып, маңызды науқанға белсенді қатысуға шақырамын.

 

Әңгімелескен

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT