«МЕНІ ШАХМАТҚА БАУЛЫҒАН ӘКЕМ ЕДІ...» дейді Бекзада Меңдекенқызы

 

Біздің заманымызға дейінгі мың жыл бұрын үндістандық математик шахмат ойынын ойлап тапты деседі. Міне, сол  уақыттан бері  бұл ойын әлемді жаулап алды. Кеңес заманында әлем чемпионы атанған Тигран Петросян «Шахмат дегеніміз – формасы бойынша ойын, мазмұны жағынан – өнер, ал ойынды меңгеру жағынан – ғылым» деп баға берген екен. Иә, психологтар шахмат ойыны күрделі мәселелерді шешу мен түрлі идеяларды ойлауға мүмкіндік беретінін айтады. Тақтасы 64 шаршыдан тұратын бұл ойын түрі адамның ақыл-ойын сынап қана қоймай, бәсекелестік қабілетін де шыңдайды. Біздің кейіпкеріміз де аталмыш ойын түрін жас-тайынан жанына серік етіп, бүгінде шәкірт тәрбиелеп, сырлы шахмат әлемінен өз орнын табуда.

Педагогика ғылымдарының магистрі, аудандық білім бөліміне қарасты «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық   клубы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Бекзада Меңдекенқызы бүгінде Мемлекет басшысының қолдауымен білім беру ұйымдарында «Мектептегі шахмат» жобасы барысында аудандық мектеп-гимназиясында шәкірт тәрбиелеуде. Нәзікжанды арудың жас болса да бала күнінен қалыптасқан ізденпаздығы мен білімге құштарлығының арқасында шахмат спортын айрықша меңгерген. Өзінің  айтуынша, шахматты таңдауына жанұясы себепкер болған. Себебі, отбасы мүшелерінің бәрі де бұл ойыннан құр алақан емес екен, бала күнінен жанұясының шахмат ойынын тартысты ойнағанын көріп өскен ол   бұл ойынды асқан қызығушылықпен лезде меңгерген. Өзге бұрымды бүлдіршіндер секілді қуыршақ ойнағаннан гөрі шахматты құп көрген Бекзаданың бала күндік қызығушылығы бүгінде оның жетістігі мен кәсібіне айналған. Сондықтан да ол үшін балаларға шахмат ойынын үйрету, спортқа баулу өмірлік миссия-сы іспетті. 
Иә, «шахматшы қыз» десек, көпшілігіміздің ойымызға қазақ шахматшы қызы, он төрт жасында әйел гроссмейстер атанған Жансая Әбдімәлік немесе Азия чемпионы, қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева еріксіз еске түседі. Осыған қарап-ақ қазақ қыздарының шахматтан алыс еместігі әрі қайсар жүректері мен табандылықтары   шаршы тақта үстінде шайқасатын шахматты шемішкедей шағуға қауһарлы екендігін көрсетеді. Ал,Бекзада Меңдекенқызының спорттың осы түрін меңгеруге жігерлендірген әкесі екен. Бала күнінен әкесінің жанында отырып, талай ойындарына куә болып, қарсыластарын «шах» және «мат» етіп жеңген сәттері мен жеңілістерін де көріп өскен оған мұның бәрі үлкен мектеп болған.
–    Иә, шахмат ойыны адамға сезіну, шапшаңдық, шыдамдылық және сыни ойлауға, өзі үшін күресе білуге, логикалық ойлау қабілетінің дамуына көмектеседі. Бұл ойын түрі менің балалық шағымның ең жарқын көрінісі саналады. Себебі, отбасы мүшелерінің басын біріктіретін де, үйдегі ең жылы атмосфераны қалыптастыратын да осы ойын болатын. Біз үнемі шаршы тақта үстінде басымыз қосылып, емін-еркін сөйлесіп, әзілдесіп, бір-біріміздің ойлау қабілетімізді сынап та алатынбыз. Себебі, әкем мен анам жұмыстан бос уақытында үйдегі екі ағам мен әпкеммен бірге шахматтан шағын турнир өткізіп отыратын. Солардың жанында жүріп, ақ пен қарадан тұратын шаршыға қойылған әртүрлі фигуралардың жүрістерінен көзімді алмай, әкемнің  баулуымен мен де меңгеріп алдым. Менің бала күнімде мектепте шахмат ойынын үйретер үйірмелер жоқ еді. Бірақ отбасымдағы бұл үрдіс менің тек жаңа қырларымды ашып, үлкен сабақ берді. Өсе келе өзім сияқты бұрымды шахматшы қыздардың да ойнау тәсілдерін көріп, жетістіктерінен хабардар болып, жанкүйеріне айналдым. Қазақстандық шахматшы Динара Сәдуақасова, Жансая  Әбдімәлік, Бибісара Асаубаева секілді қыздарды құрметтеймін. Әлемдік байрақты бәсекелерде ел намысын қорғай білу де қажырлы еңбектің арқасы деп білемін. Дегенмен, менің анам да шахмат спортынан әйелдер арасындағы түрлі сайыстарда жүлделі орындарға ие болған. Сондықтан бұл спорттан қанша жұлдыз болса да мен үшін ең мықты әйел шахматшы анам боп қала бермек,- деп Бекзада Меңдекенқызы неліктен спорттың бұл түрін таңдағанын жылы естеліктерін еске ала отырып, сыр шертті.
Шахматшы қыз түрлі додаларда өз қабілетін шыңдап, биіктерді де бағындырған көрінеді. Оған дәлел Атырау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен Халықаралық шахмат күніне орай шахматтан қалалық ашық фестивальде топ жарып, І орынға ие болса, «Atyrau Open» ашық шахмат әйелдер арасындағы турнирде ІІ орынмен марапатталды. Сонымен қатар, облыстық білім беру басқармасы Атырау аймақтық дене тәрбиесі және спортты дамыту орталығының ұйымдастыруымен өткен жалпы білім беретін мектеп мұғалімдерінің  арасындағы облыстық спартакиадада ІІІ орынды қанжығаға байлаған. Мұнымен тоқтап қалмаған Бекзада түрлі облыстық семинарларда өз тәжірибесімен бөлісіп, әріптестерінің кәсіби шеберліктерінің шыңдалуына мұрындық болған. Бұдан өзге аудандық тақта үстіндегі текетірестердің де жеңімпазы атанған. Аудандық білім бөліміне қарасты «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық  клубының ұйымдастыруымен өткен «Шахмат ойынының негіздерін оқыту» тақырыбындағы  шеберлік сағатын да ұтымды ұйымдастыра білді. Аталмыш шараның екінші кезеңі оқушылардың  командааралық жарысымен жалғасын тапқан. Осы тұрғыда Бекзада Меңдекенқызы өзінің ұстаздық қырынан шыңдалып, шәкірттері де олжалы оралып, ІІ орын иеленген болатын.
–    Шахмат ойынына балаларды баулу үлкен табандылық пен шыдамдылықты талап етеді. Ойын баласына логикалық, ой-өрісті дамытатын, миды әбден  қозғауды талап ететін ойынды үйрету әсте оңай емес. Десе де, өзінің жеке қызығушылығы мен ынтасы бар балалар бірден тілін түсініп жатады. Негізі шахматқа жаны жақын балалардың көпшілігі сабаққа өте жақсы болып келеді. Алайда балаларды тез шаршатып, жалықтырып алмас үшін сабақтарымды ойын түрінде өткізуге, әр сабақты қызықты етуге тырысамын. Ең бастысы, баланың бойындағы қызығушылығын сөндіріп алмау керек. Аз-аздан үздіксіз дайындалудың арқасында үлкен жетістікке жетуге әбден болады. Шахмат спортын меңгерудің мақсаты тек сол саланың чемпионы ғана болу емес. Бұл ойын түрі баланы жылдамдыққа, аналитикалық ойлауға, тиянақтылық пен байыптылыққа әрі жоспарлай білуге үйретеді. Сондықтан кез келген адам шахматты білгені жөн. Осы тұста ата-аналардың да ескерер тұсы бар. Баламен бірге үйде дайындала білу керек. Шахматты білу міндетті емес, бас-тысы, балаңыздың қызығушылығына мән беру. Баладан фигуралардың аттарын сұрап, тақтаны дұрыс құруды өтініп, сабақтан түйген ойларын сұрап, шахматты қалай ойнайтынына қызығушылық білдіріп, қолдау қажет. Себебі, ата-ананың демеуі қашан да алпауыт күштің кепілі болмақ,-деді Бекзада Меңдекенова ұстаздық жолдағы өз тәжірибесімен бөлісіп.
Зерделеп қарасақ, Бекзаданың есімі де үлкен мәнге ие. Бекзада – текті, ақсүйек, зиялы және  т.б. ұғымдарды да білдіреді. Дәстүрлі ұғымда бекзадалық қасиет, ең алдымен, текке тартады. Сондай-ақ, алған тәрбиесі мен көрген өнегесі асыл тектіліктің негізінде бекзадалыққа ұласады. Бекзада көпшіліктен озық ақыл-парасатымен, мінезіндегі ірілік, дарқандығымен, жүріс-тұрысындағы өзгеше мәнерімен ерекшеленеді.  Міне, біздің кейіпкеріміз де атына заты сай болып, ата-анасынан дарыған қасиетін, алған тәлім-тәрбиесін көркем түрде іс жүзінде көрсетуде. Аудандағы шахмат әлемінің бекзадасына айналуда. Осындай білім мен ғылымға құштар қазақ қыздарының қатары көбейе бергей дейміз.

Жайна МӘЛІМҚОЖА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT