Мердігерге талап – 24/7 жұмыс тәртібі

 

Қай өңірдің келбетінен оның тіршілігі, халқының тұрмыс сапасы мен биліктің іскерлігі айқын аңғарылады. Нарын құмының етегіндегі Исатай ауданында соңғы жылдары инфрақұрылым жаңарып, жаңа тыныс берілгендей. Құрылыс қарқыны күшейіп, ел игілігіне бағытталған нысандар саны артты. Алайда мәселе – тек салуда емес, сапада. Соңғы уақытта облыс көлемінде қолға алынған жобалар өңірде де қарқын алғанымен, халық күткені – қағаздағы есеп емес, нақты нәтиже. Осыған орай Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев ауданға арнайы іссапармен келіп, жобалардың барысын тексерді. Бұл сапардың мақсаты – істің мән-жайын көру, кемшілікті жасыру емес, ашық айту, жұмыстың нақты жүруін талап ету.

 

ИСАТАЙ ВОКЗАЛЫ: УАҚЫТ АЗ, ЖҰМЫС БАЯУ

Іссапар аясындағы алғашқы аялдама – Құрманғазы ауданымен шектесіп жатқан, облысымыздың батыс шекарасында орналасқан Исатай ауылы болды. Бұл – тарихы терең, келешегі кемел ауылдардың бірі. Ауылға кіреберіс жол тікелей теміржол вокзалына ұласып, жолаушылар қатынасын жеңілдетуге бағытталған. Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ел көлемінде теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары қарқын алуда. Сол бағдар аясында Исатай ауылындағы ескі вокзал бұзылып, жаңадан заманауи үлгідегі нысанның іргетасы қаланбақ. Алайда, құрылыс қарқыны күткендей емес – жұмыс баяу жүргізіліп жатыр.

Осыған орай, мердігер мекеменің өкілдерімен тілдескен  облыс әкімінің орынбасары құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше назар аударып, нысанды белгіленген мерзімде тапсыру үшін тәулік бойғы, яғни 24/7 жұмыс тәртібіне көшуді тапсырды. Бұл – тек құрылысшыларға емес, жобаның барлық қатысушыларына жүктелген ортақ жауапкершілік. Сонымен қатар, ауылішілік электр желілерін жаңарту мәселесі де назардан тыс қалмады. Уақыт сынына төтеп бере алмай, тозығы жеткен сымдар мен тіректерді ауыстыру жұмыстары әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Осы мәселені кеңінен талқылаған Қайрат Нұртаев жауапты сала мамандарына жаңарту жұмыстарын жеделдетуді, әрі бұл үдерісті халыққа қолайсыздық тудырмай, тиімді ұйымдастыруды ұсынды.

 

Жалғасы газеттің №42 (4255) санында

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Республика күні

AQPARATPRINT