Аққыстау ауылының орталық алаңында өткен 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты шара биылғы жылы Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен тұспа-тұс келіп, ел қорғау жолындағы ерлік пен еңбекке деген құрметтің айқын көрінісіне айналды.
Салтанатты шарада аудан әкімі Нұрым Мусин ел тыныштығы үшін бейбіт күнде де ерен еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегін елеусіз қалдырмай, осы күні лайықты марапаттар табысталды.
Олардың қатарында Жанбай ауылдық округіндегі ардагерлер ұйымын басқарып, ұрпаққа үлгі болып жүрген Мырзажан Балпановқа «Ардақты ардагер» алтын белгісі берілді. Ал «Ар мен Даңқ» медалімен Еңбек ардагерлері Хансұлу Мұхтарова, Ағзияш Изтелеуова марапатталды. Өндіріс саласында ұзақ жылдар бойы тынымсыз еңбек етіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан ардагер Кеңесбай Бақитов «Ел ағасы» алтын төсбелгісімен марапатталды. Ал мәдениет пен руханият саласында ұзақ жыл абыроймен қызмет атқарған, талай буынды кітапқа деген сүйіспеншілікке баулыған ардагер кітапханашы Лиза Абдолова «Мінсіз қызметі үшін» медаліне ие болды. Сондай-ақ аудан әкімі атынан Алғыс хаттар табысталды.
Еңбекқорлығы мен қоғамдық белсенділігімен танылған «Едіге» ЖШС басшысы Едіге Муплихунович пен «Гранд-мастер» ЖШС директоры Талғат Румағанбетовке бұл марапат кәсіпкерлік саласындағы үлесі үшін берілді. Ел шебінде абыроймен қызмет етіп жүрген азаматтар да назардан тыс қалған жоқ. «Жанбай» шекара бөлімшесінің аға технигі Ақылбек Меңдібаев пен «Исатай батыр» шекара бөлімшесінің көлік жүргізушісі Қизатолла Исқазиевтің еңбектері де Алғыс хатпен бағаланды. Жастарды елжандылыққа тәрбиелеп жүрген Исатай орта мектебінің алғашқы әскери және технологиялық даярлық пәнінің мұғалім-ұйымдастырушысы Бердібек Құрмашев, қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің іс жүргізу бөлімшесінің басшысы Күлаш Шаймарданова, сондай-ақ Исатай аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі, полиция капитаны Руслан Бағитов та аудан әкімінің Алғыс хатына ие болды.
Салтанатты шара аудан өнерпаздары дайындаған мерекелік концертпен жалғасып, көрермендерге шат-шадыман көңіл күй сыйлады. Ал жиынның шарықтау шегі – Астана қаласынан тікелей эфирде көрсетілген әскери шеру болды. Елорда төрінде өткен шеруге бес мыңға жуық сарбаз қатысып, Отан қорғауға бекінген Қазақстан Қарулы күштерінің дайындығы мен айбыны паш етілді.
Халық Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтауын зор ықыласпен тыңдап, сарбаздардың сап түзеп өткен салтанатын ерекше әсермен тамашалады.
Бұл күн – ел үшін аянбай тер төккен әр азаматтың еңбегін бағалау күні. Олардың ерлігі – елге мұра, ұрпаққа – ұлағат.
Сағыныш ҚАЙЫР