Мерейтойлық медаль – маңдай тер иелеріне

 

Елімізде Мемлекет басшысының 2025 жылғы 28 сәуірдегі Жарлығына сәйкес, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай тылда қажырлы еңбек еткен азаматтарға арналған бірыңғай мерекелік медаль табысталуда. Ел үшін еңбек еткен ерлерге деген мемлекетіміздің тағзымы мен шексіз алғысының айғағы.

 

 

Аудан бойынша жеті ауылдық округте ұйымдастырылған салтанатты шаралар барысында арнайы құрылған делегациялар тыл ардагерлерінің шаңырағына арнайы барып, мерекелік медальдерді табыстады. Ізет пен құрметке толы сәттерде Жанбай ауылында да тыл ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетілді. Аудан әкімі Нұрым Мусин бастаған топ, атап айтсақ  облыстық мәслихат депутаты Нұрлан Қайреденов, аудандық мәслихат төрағасы Аманжол Рахметов, ауыл әкімі Ерлан Махсотов және ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзажан Балпанов ардагерлердің шаңырақтарына арнайы барып, оларға «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалін, ауыл әкімінің құттықтау хатын және сый-сияпаттарын табыстады.

 

 

Аудан бойынша тіркелген екі тыл ардагері болса соның бірі – 95 жастағы Есенгерей Тілепқалиев. Көпті көрген қарияға мерекелік медальмен қатар, бір реттік 100 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы беріліп, 200 мың теңгелік азық-түлік дүкен желісіне  және 100 мың теңгелік дәріханаға арналған сертификаттар тарту етілді. Сонымен қатар ардагердің үйінің сыртын жаңарту жұмыстары басталып кетті. Бұл игі істі жергілікті билік пен «Ақ жол» демократиялық партиясы бірлесе қолға алған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде.

 

 

Сұрапыл соғыс жылдарын тебірене еске алған Есенгерей ақсақал:

–    Ол кездің қиындығын сөзбен айтып жеткізу қиын. Аштық пен ауыр еңбек, күндіз-түні тынымсыз жұмыс – бәрі көз алдымда. Бірақ ел аман болсын деген ниетпен бәріне төздік. Қазіргі бейбіт күнге мың шүкір, -деп, ел тізгінін ұстаған азаматтарға алғысын білдірді.

 

 

Сондай-ақ тыл ардагері Ғизат Марданов пен Ханым Биханова да «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медаліне ие болды. Сондай-ақ Ханым апа «Ардақты ана» медалімен де марапатталды. Ал ерлігімен қатар еңбекқорлығымен танылған  Мадина Бекенова мерейтойға орай "Армен Даңқ" төсбелгісін иеленді.

 

 

– Соғыс жылдары небәрі 7 жастан бастап еңбекке араластым. Шөп шауып, арқан естім, қозы-лақ пен бұзау бақтым. Кейіннен «Родина» колхозы мен «Забурын» совхозында мал бағып, құрылысшы болып еңбек еттім. Соңғы жылдары «Забурын» дәрігерлік амбулаториясында аспаз қызметін атқарып, зейнетке шықтым,-деп естелігімен бөлісті Ханым апа.

 

 

Ұрпаққа үлгі болар еңбек жолы мен естеліктер — тарихтың аманаты. Ардагерлерге деген бұл құрмет сол аманатқа деген адалдықтың, елге деген сүйіспеншіліктің бір дәлелі. Аудан басшысы бастаған құра ақ жаулықты аналар мен ақ сақалды қарияларға деген сый-құрметін көрсетіп, өткен күндер туралы есті естеліктер тыңдап, үлкеннің батасын алды.

 

 

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлжан Джумалиева ұсынған мәліметке сәйкес, аудан бойынша барлығы 75 тыл еңбеккері Жеңістің 80 жылдық медалімен марапатталды. Оның ішінде бұрынғы КСРО ордендері мен медальдарына ие болған 2 ардагер және 1941 жылғы 22 маусым мен 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай тылда еңбек еткен 73 азамат бар. Сонымен қатар ардагерлерге әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында да нақты шаралар қолға алынған. Мерекеге орай КСРО ордендері мен медальдарымен наградталған тыл еңбеккерлеріне бір реттік 100 мың теңге және ай сайын 10 мың теңге көлемінде төлем қарастырылса, марапатталмаған тыл еңбеккерлеріне бір жолғы 50 мың теңге әлеуметтік төлем төленеді.

 

 

Ел басына күн туған шақта ерен еңбек еткен жандарға көрсетілген мұндай құрмет – елдіктің нышаны. Қастерлі бейбіт күннің қадірін ұғына отырып, әр буын ардагерлердің ерлігі мен еңбегін ұмытпауға тиіс.

 

Ж.ИСЛАТ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT