Тәуелсіздік күні қарсаңында елдік рухты дәріптеуге үлес қосқан ауданымыздағы кәсіп нысандарының қатары тағы бір сауда орнымен толықты. Аққыстау ауылындағы азық-түлік сататын «Заңғар» маркеті мерекеге орай ерекше безендіріліп, ауыл тұрғындарының ыстық ықыласына бөленді.
Аталған дүкеннің ашылғанына биыл желтоқсан айында бір жыл толмақ. Кәсіп иелері – Серік Нысанбаев пен жұбайы Баян Жүгінісова. Бүгінде бұл нысан тек сауда орны ғана емес, бала-шағасынан бастап немерелеріне дейін жұмыла еңбек ететін, берекелі отбасылық кәсіпке айналып отыр.

– Жолдасым екеуміз де ұзақ жылдар бойы ел қатарлы қызмет атқарып, адал еңбек еттік. Зейнеткерлік жасқа жеткен соң қол қусырып отырмай, тәуекел етіп кәсіп бастауға бел будық. Қазір ауыл тұрғындарын күнделікті азық-түлікпен және тұрмысқа қажетті керек-жарақтармен қамтамасыз етіп келеміз.Дүкен ішіндегі көк түсті жалау мен шарлар арқылы жасаған безендіруіміз де тыныштық пен Тәуелсіздіктің мәнін айшықтағандай. Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ, бұл – талай буынның маңдай тері мен жанқияр еңбегінің жемісі. Өкінішке қарай, кейде бұл ұлық мереке елеусіз қалып жатады. Сондықтан әр қазақ, әрбір кәсіпкер өз шамасына қарай елдік мерекелерді дәріптеп отырса деймін. Бұл – болашақ ұрпаққа Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін сезіндірудің бір жолы,- дейді кәсіп иесі Баян Жүгінісова.
Айта кету керек, бұған дейін Тұщықұдық ауылындағы «Ханшайым» дүкені де Тәуелсіздік күніне орай осындай мерекелік безендіру жасап, ауыл тұрғындарының оң бағасына ие болған еді.
Сағыныш Қайыр


