Мерекелік құрмет – тынымсыз еңбек иелеріне

16 сәуір–Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметкерлері күніне орай Исатай ауданының әкімі Нұрым Мусин сала мамандарын арнайы қабылдап, мерекелерімен құттықтады. Қоғамның тыныс-тіршілігі мен тұрмыс сапасын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын сала мамандарының еңбегі әрқашан құрметке лайық.

Биылғы – Жұмысшы мамандықтар жылы аясында электр энергиясымен, ауыз сумен қамту, газ және байланыс салаларында адал қызмет етіп жүрген бірқатар азаматтарға облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың және аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталды.

– Сіздердің еңбектеріңіз – елді мекендеріміздің көркеюі мен халықтың тұрмыс сапасының артуына тікелей әсер ететін маңызды сала. Суды, жарықты, жылуды және байланысты үздіксіз қамтамасыз ету – сіздердің күнделікті міндеттеріңіз ғана емес, үлкен жауапкершілік пен кәсібилікті талап ететін абыройлы қызмет.Бүгінгі мерекеде аудан тұрғындарының жайлы өмір сүруіне сүбелі үлес қосып жүрген әріптестеріңізді марапаттап, еңбектеріңізді бағалауды азаматтық парыз деп білеміз.Баршаңызға зор денсаулық, еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін! Қызметтеріңіз ел игілігіне бағытталып, абыройларыңыз арта берсін,-деді аудан әкімі Нұрым Бекежанұлы.

Сала мерекесіне орай ұйымдастырылған қабылдауда ауданның тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуде аянбай еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтардың еңбегі еленді. Газ саласында үздіксіз қызмет көрсетіп келе жатқан «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Атырау өндірістік филиалының Исатай газ шаруашылығы маманы Мансұр Ұзақали мен электр қуатын таратушы «Атырау-Жарық» мекемесінің қызметкері Айдын Есенғалиевтің кәсіби жауапкершілігі жоғары бағаланды.

Тұрғындарды таза ауыз сумен қамту бағытында қызмет етіп жүрген «Атырау Су Арнасы» қызметкері Ризабек Аташов та марапатқа ие болса, байланыс саласында сапалы қызмет көрсетіп келе жатқан «Қазақтелеком» қызметкері Бекбол Салыховтың да еселі еңбегі назардан тыс қалмады.

Коммуналдық салада ауылдық деңгейде де нәтижелі жұмыс істеп жүрген мемлекеттік қызметкерлер де алғысқа бөленді. Жанбай ауылдық округі әкімдігі аппаратының бас маманы Рита Маралова, Қамысқала округінің қаржы және коммуналдық шаруашылық бөлімін басқаратын Асылан Мұратов, сондай-ақ Аққыстау ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Абзал Ізмұратов — күнделікті жұмысы ел игілігіне бағытталған адал мамандар қатарында құрмет төрінен көрінді.

Сала қызметкерлерінің тынымсыз еңбегі тек әкімдік деңгейінде ғана емес, облыстық деңгейде де жоғары бағаланды. Атап айтқанда, Атырау облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының ұйымдастыруымен өткен спартакиадада белсенділік танытқан аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі жүлделі Кубокпен марапатталды.

Мерекелік шара – құрметтің айғағы. Қоғам үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген сала қызметкерлерінің мерейін үстем еткен, қажырлы еңбектерін елеп-ескерудің жарқын көрінісі болды.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT