«Мешіт салдыру жоспарда жоқ». Тұщықұдық ауылының әкімі есеп берді

Тұщықұдық ауылдық округі әкімі Мәди Өтеғалиевтің онлайн-есептік жиыны өтті.

Жыл бойы атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама оқылған соң әлеуметтік желі арқылы келіп түскен сұрақтарға кезек берілді.

Желі қолданушылардың бірі жүргізілген көше жарығының не себептен осы күнге дейін жанбай тұрғанын сұрады.

- Бұл - бірінші сұрағым. Екінші мәселе ауылымыздың үстінен күрежол өтіп жатыр, сол трасса бойынан жаяу жүргінші жолағы неге салынбасқа? «Ағатай» дүкені маңындағы жолақтың бір ай шамасында ізі де қалмады. Мектеп алды және де сол орталық көше шамаларынан жол кедергісі керек. Үшінші мәселе, ауылымызда жалғыз балабақша бар, бірақ, ол жеткіліксіз секілді. Себебі, кезекте тұрғандар саны көп деп білемін.

Атырау қаласына қатынайтын таксилер тұрағы – менің анамның үйінің тұсы. Оған қарсылығымыз жоқ, дегенмен, сол тұраққа тазалық жағы қарастырылған ба? Мәселен, әжетхана бар ма? - деді сауалын желі арқылы жолдаған тұрғын.

- Бізде 5 көшеде 2014 жылы салынған желілер тұр, оларды іске қосу жөнінде 2019-20 жылдары жұмыстар жүрді. Осы жылы сол көше жарықтары іске қосылады деп күтіп отырмыз. Екіншіден, төрт-бес көшеге, соның ішінде Комплекс ауылының көшелеріне жарықшамдар орнату жөнінде қаржылар бөлінді.

Келесі сұрағыңызға келсек, ауылда 205 орындық жалғыз балабақша бар, ал, кезекте тағы 185 арыз тұр. Бұл жыл сайын көбеймесе, азаяр емес. Осы ретте алдағы уақытта 130 орындық балабақша салу жөнінде аудан әкіміне ұсыныс берілгенін айта кетейін. Атырау таксилерінің тұрағы жол жұмысы басталған кезде қалыпқа келетін болады. Оның маңындағы тазалықты сақтау бойынша күніне екі рет ақылы қоғамдық жұмыстан бөлінген адамдар тұрақты түрде айналысуда.

Ауыл әкіміне келесі сауалды жолдаған тұрғын Разведка мөлтекауданындағы бастауыш мектеп ғимаратының ескіргенін алға тартып: «Жаңа мектеп салу жоспарда бар ма, болса, қашан жүзеге аспақшы?» деп сұрады.

- Жамбыл бастауыш мектебінің ғимараты 2001 жылы салынған. Бірақ қазіргі стандартқа сәйкес келмейді. Мәселен, ішінде спортзал, актив залы, асханасы жоқ. Сондықтан аудан әкімінің қолдауымен Разведка мөлтекауданына типтік жобадағы мектеп құрылысы жоспарланып, қазіргі кезде жобалық-сметалық құжаты жасақталып, дайын тұр. Енді қаржы бөлу мәселесі күтілуде. Аталған мәселе шешіледі деген ойдамын, өйткені, ауылда бала саны көбейіп келеді, - деді Мәди Өтеғалиев.

- Тұщықұдықтан мешіт салына ма? - деген желі қолданушының сұрағына «Аудан орталығына ауылымыз өте жақын орналасқандықтан, имандылық жолындағы азаматтарға Аққыстау ауылындағы ғибадатханаға баруға болады ғой деп ойлаймын. Мешіт салуға ынталы азаматтардың болмауы себепті бұл жұмыс жоспарымызда жоқ» деп жауап берді.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521