Өмір – ең қымбат сый!

сурет ғаламтордан

 

Бүгінгі қоғамда жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау мәселесі – ең өзекті әрі алаңдатарлық жайттардың бірі. Өкінішке қарай, кейбір балалар мен жасөспірімдер өмір сынақтарына төтеп бере алмай, тығырықтан шығудың дұрыс жолын таба алмай жатады. Мұның басты себептері – жалғыздық сезімі, ата-анамен немесе құрбыларымен түсініспеушілік, эмоционалды күйзеліс пен өзін-өзі бағаламау.

Әр жасөспірімнің жүрегінде айтылмай қалған сыр мен шешілмеген мәселе болуы мүмкін.  Сондықтан ең бастысы – тыңдай білу және түсіне білу.  Әр ата-ана мен мұғалім баланың көңіл күйіне, мінезіндегі өзгерістерге назар аударып, оған жылы сөз бен қамқорлық танытқаны жөн.

Жасөспірімдік кезең – тұлғаның қалыптасуындағы ең күрделі әрі сезімтал шақ. Бұл уақытта бала түрлі эмоционалдық күйзелістерге, түсініспеушіліктерге жиі тап болады.  Осындай сәттерде оны түсініп, тыңдап, қолдау көрсете алатын маманның болуы аса маңызды.  Сол себепті мектеп психологінің рөлі  оқушылардың психологиялық тұрақтылығын сақтау мен өмірге деген оң көзқарасын қалыптастыруда ерекше орын алады. 

Психологтар оқушылармен жеке және топтық кездесулер, сенім сағаттары, тренингтер мен арт-терапиялық жаттығулар өткізу арқылы олардың ішкі жан дүниесін түсінуге, өзін-өзі бағалауын арттыруға бағытталған жұмыс жүргізеді. Әсіресе «Өмір тамаша!», «Менің өмірім – менің құндылығым», «Сен жалғыз емессің!» атты психологиялық акциялар мен семинарлар оқушыларды өмірдің мәнін түсінуге және өз мәселесін ашық айтуға үйретеді. Мұндай жұмыстардың басты мақсаты – әрбір оқушының бойында өмірге деген сүйіспеншілік пен сенімділікті арттыру. Егер мектеп ұжымы, ата-ана және психолог бірлесе әрекет етсе, суицидтің алдын алу шаралары нәтижелі болмақ. 

Өмір – баға жетпес құндылық.  Ешбір қиындық адам өмірінен қымбат емес. Егер өзіңді тығырықта жүргендей сезінсең, үндемей қиналма.  Психологқа, ұстазыңа, досыңа немесе ата-анаңа айтып көр. Көмек сұрау – әлсіздік емес, мықтылықтың белгісі. 

Қоғам болып бір-бірімізге қолдау көрсете алсақ, әр жасөспірім өз өмірінің маңызын сезінеді. Есіңде болсын, өмірде қиындықтар өтеді, ал жарық күндер мен қуаныштар әлі алда.

 
Жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауына алып келетін тағы бір маңызды себеп – әлеуметтік желілердің теріс ықпалы. Қазіргі таңда интернет кеңістігінде салыстыру мәдениеті қалыптасқан: біреудің жетістігін көріп, өз өміріне көңілі толмау, «менің қолымнан ештеңе келмейді» деген ойға берілу жиі кездеседі. Мұндай сәтте бала өзін қоғамға қажетсіз сезінеді. Сондықтан цифрлық сауаттылықты арттырумен қатар, балаларға шынайы өмірдің құндылығын түсіндіру – ата-аналар мен ұстаздардың ортақ міндеті. Әр жеткіншекке әлеуметтік желідегі көріністердің бәрі шындық емес екенін ұғындыру, өзін өзгемен емес, өзімен ғана салыстыруға үйрету – рухани тәрбиенің маңызды бөлігі.

Сонымен қатар қоғамда психологиялық көмекке жүгінуді ұят санайтын көзқарасты жою қажет. Көпшілік әлі күнге дейін «психологқа бару – әлсіздердің ісі» деп қате түсінеді. Алайда, бұл – адамның өз ішкі жан дүниесін сауықтыруға бағытталған, мықтылық пен жауапкершіліктің көрінісі. Әрбір білім ордасында психологиялық мәдениетті қалыптастыру, оқушылар мен ата-аналар арасында ашық әңгіме алаңдарын құру – суицидтің алдын алудағы ең тиімді қадамдардың бірі. Біз әр баланың өміріне бейжай қарамай, оның үмітін қайта оятуға көмектескенде ғана шынайы қамқор қоғам бола аламыз. 

 

Жаңыл СӘЛІМЖАНҚЫЗЫ,
 «Мектеп-гимназия»КММ-нің педагог-психологі 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT