«Өмір, қымбатсың маған!»

сурет ғаламтордан

 

Әр адам өмірге бір-ақ рет келеді. Әр сәттің, әр тыныстың құны бар. Бірақ, өкінішке қарай, жасөспірімдер арасында өз өміріне қол жұмсау – әлемдік деңгейде де, біздің қоғамда да алаңдатарлық тақырыпқа айналды. Суицид – бұл бір ғана адамның тағдыры емес, бүтін бір әулеттің, бір ұрпақтың қасіреті. Ғалымдар оны көбіне «өмірлік қиындықты жеңе алмаудан туған соңғы шарасыздық» деп сипаттайды. Яғни, адам өз жолын таппай, болашаққа деген сенімін жоғалтқанда осындай қадамға баруы мүмкін. Ал мұндай сәтсіз шешімнің алдын алу – тек мектептің ғана емес, бүкіл қоғамның, ата-ана мен ортаның, мемлекет пен қоғамдастықтың ортақ міндеті.

Жасөспірімдік кезең – адам психикасының ең нәзік шақтарының бірі. Бұл кезде олар ересек өмірге қадам басып, өзін іздейді, ал кейде ең қарапайым мәселелерді де үлкен қайғыға балап, шешімін таба алмай қиналады. Осындай өтпелі кезеңде дұрыс бағыт-бағдар берілмесе, бала жалғыздыққа ұрынып, ойындағы күйзелісін жеңе алмай қалуы әбден мүмкін. Сондықтан мектеп қабырғасынан бастап әр баланың жан дүниесіне үңілу, оның сезімін түсіну – басты қағидаға айналып отыр.

Аудандағы білім беру ұйымдары бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізуде. Әсіресе жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, қылмыстың жолын кесу, балалардың психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы шаралар – осының айғағы. Бүгінде әр мектепте арнайы жоспар құрылып, заң алдындағы жауапкершілікті түсіндіретін, зорлық-зомбылық пен буллингтің зиянын ашып көрсететін кездесулер жиі ұйымдастырылып жүр. «Бала және жанұя», «Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен нашақорлықтың алдын алу», «Интернет алаяқтарынан сақ болыңыз», «Сен өз құқығыңды білесің бе?» секілді тақырыптардағы әңгімелер жас ұрпақтың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, олардың болашағына деген көзқарасын да қалыптастырады.

Ең маңыздысы – суицидтің алдын алу. 2024–2025 оқу жылында аудан мектептерінде арнайы бағдарлама қабылданып, психологтар, әлеуметтік педагогтар, дәрігерлер мен полиция инспекторлары жұмыла жұмыс атқаруда. «Мен үшін өмір…», «Мен өмірді сүйемін» атты эсселер мен сауалнамалар жасөспірімдердің ішкі ой-мұңын ашып, кімге қолдау қажет екенін айқындауға сеп болды.

Нәтижесінде бірінші жартыжылдықта 2085 оқушы қамтылып, тек бір ғана оқушы «қауіп тобына» енгізілді. Сәуір айындағы айырмашылық бойынша «Қауіп тобы» 1 оқушы деңгейінде сақталды, ал «Қолдау тобы» 18 оқушыға азайды. Анықталған «Қауіп тобы» бақылауға алынып, ата-анасымен бірлесе отырып, мамандарға кеңес беруге жіберілді. Ал «Қолдау тобы» мектеп ішінде түрлі үйірмелерге қатыстырылып, сынып сағаттары мен тәрбиелік шараларға белсенді араластырылды. Мектеп психологтары «Өмір сүру қиын емес, өмір сүре білмеу қиын», «Реніштен арылу», «Жеткіншектердің тұлғалық ерекшеліктерін дамыту» сияқты тақырыптарда тренингтер жүргізді.Ол бала мамандардың жіті бақылауына алынып, ата-анамен бірлесе отырып қолдау көрсетілді.

Ал екінші жартыжылдықта бұл топта бірде-бір оқушы тіркелмеді. 12 мектептен 1978 оқушы қамтылды. «Қауіп тобы» – анықталған жоқ. «Қолдау тобы» – 40 оқушы.   Мамандарға жіберілген оқушы тіркелмеді. Яғни, бұл кезеңде суицидке бейім оқушылар анықталмады. «Қолдау тобына» енген оқушылармен «Мен өмірді сүйемін», «Өмір қымбатсың маған!», «Жағымды, мінез-құлықты дамыту», «Кикілжіңнің алдын алу», «Адамдар не себепті ренжіседі?» тақырыптарында психологиялық тренингтер өтті. Ата-аналарға арналған «Отбасы – тәрбие көзі», «Өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға қолдау көрсету» секілді алдын алу жұмыстары ұйымдастырылды.  Бұл – жүргізілген жұмыстың нақты нәтижесі.

Жалпы алғанда, аудан мектептерінде 60 кездесу мен 26 – «дөңгелек үстел» өткізіліп, жасөспірімдерге құқықтық білім беру және тәртіпті болуға шақыру бағытында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар мектептерде «сенім телефондары» мен «сенім жәшіктері» орнатылып, әр оқушы өз ойын жасырмай жеткізуге мүмкіндік алды. «Өмір сүру қиын емес, өмір сүре білмеу қиын» атты психологиялық тренингтер, ата-аналарға арналған «Отбасы – тәрбие көзі» секілді кездесулер – ұрпақ тәрбиесіне бағытталған істердің жарқын мысалы.

Аудан көлемінде жасалған кешенді жұмыстардың арқасында бүгінгі күні суицидке бейім жасөспірімдер тіркелмей отыр. Бұл – үміт сыйлайтын қуанышты дерек. Алайда бұл жұмыс мұнымен тоқтамайды. Өйткені әр баланың тағдыры – қымбат, әрбір жас жүрек – болашақтың үміті.

Қорытындылай айтқанда, қылмыстың да, суицидтің де алдын алу – үлкен тәрбиенің нәтижесі. Ол – тек қатаң заңмен немесе ресми жоспармен емес, ең алдымен мейірім мен түсіністікке негізделген ортада жүзеге асады. «Өмір – қымбат, болашақ – сенімде» деген ұстаныммен жүрсек, әрбір жас өз орнын тауып, өмірге ғашық болып өседі.

 

Айнұр ЕРҒАЛИЕВА, 
аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинеті меңгерушісі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT