«Мирас» өлкетанушылар клубының жұмысы жанданады

И.Тайманұлы атындағы музейде музей жанынан құрылған «Мирас» өлкетанушылар клубының отырысы өтті.

Оған клуб мүшелері және музей қызметкерлері қатысты. Күн тәртібінде аталмыш клубтың 2022 жылғы ақпан – мамыр айлары аралығындағы атқарған жұмыстары және алдағы уақыттың еншісінде тұрған жоспарлар легі баяндалды. Алдымен клуб төрағасы Мәди Өтеғалиев клуб құрылған күннен бергі атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.

- Жоспарға сай, клуб кұрылғаннан бергі уақытта клуб мүшелері өлкетану тақырыбы бойынша 6 жерде мектеп оқушыларымен және ардагерлер өкілдерімен кездесулер өткізді. Ғ.Мәсәлімов, Ф.Оңғарсынова атындағы орта мектептерге жергілікті қаламгерлердің шығармаларынан көрме апарылды. Бұдан өзге Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу, Тұщықұдық ауылының ардагерлерімен жер атауларына байланысты әңгімелерін жазып алу, Жанбай ауылында ауыл тарихы жайлы «дөңгелек үстел» ұйымдастыру жұмыстары қолға алынды. Аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөліміне салыстыру, толықтыру мақсатында 3-4 жыл бұрын ауылдық округтер арқылы жинақталған жер-су атаулары тізімін, болса материалдарын беру ұсыныс етілді. Өлкентанушылардың белсенділігін арттыру мақсатында ауылдарда өткен жиындар кезінде Жансекер Бәбиеваға, Болат Құсайыновқа, марқұм Аухат Шайхығалиевтың отбасына Алғыс хаттар мен белгілі өлкентанушы Мақсот Жолжановтың «Дала академигі» кітабы табысталды. Тұщықұдық ауылының жеке кәсіпкері Төремұрат Сидеғалиев атасы, өңірге белгілі шежіреші болған марқұм Сидеғали Нұрмановтың атына 3 жүлде тағайындады. Атаулы жүлде музейге құнды жәдігерлер мен құжаттар тапсырған өлкетанушыларға «Мирас» клубы жанындағы алқанының шешімімен берілетін болады, - деді клуб төрағасы.

Білгеніміздей, алғашқы да клуб мүшелерінің саны 12 болса, кейіннен олардың саны 18-ге жеткен. Жиында өлкентанушылардың тарихи материалдарды көптеп ұсынуы қажеттігін баса айтқан төраға бұл тұрғыда талдау жасап, клуб жұмысының жариялылығына да тоқталды.

- Жеке тұлғалар туралы 16 материал, әкімшілік құрылымының қалыптасуы туралы 1 материал түсті. Олар тізімге алынды және көпшілік «Whatsapp» желісі арқылы жолданылғандықтан оны компьютерге теру жұмысы қолға алынуда. Бұл орайда клуб мүшелері Жансекер Бәбиева және Бекболат Мусиннің көп жұмыстар ұйымдастырғанын да атап өту қажет. Осындай белсенділікті басқа клуб мүшелерінен де күтеміз. Сондай-ақ клуб құрылғалы «Facebook» әлеуметтік желісінде 11 материал, телеарнада 2 рет және аудандық «Нарын таңы» газетінде әртүрлі жанрда 8 мақала жарық көрді, - деп толықтырды өз сөзін Мәди Өтеғалиев.

Басқосуда клуб мүшелері материалдардың сапасы жөнінде де өзара пікір алмасты. Бұдан бөлек, ақпараттық танымды кітап шығару бойынша бағытты айқындап, жоспарын қайта қарау, түскен материалдарды ай сайын сараптап отыру, клуб мүшелерінің мектептерде және ардагерлермен кездесулерінде айтылған ұсыныс-пікірлер мен туындаған мәселелерді жүзеге асыру бойынша бірлесіп жұмыс жүргізу, клуб жұмысын қамтамасыз ету бағытында облыстық музейге ұсыныс хат жолдау, 2022 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес іс-сапарларға шығуды ұйымдастыру секілді жоспарлар легі жасақталды.

Айта кетейік, «Мирас» өлкентанушылар клубы 2022 жылы 9 ақпан күні құрылды. Клубтың негізі мақсаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауданның тарихы мен шежіресін жинақтау және насихаттау, жас ұрпақты туған жерді сүю, патриотизмге тәрбиелеу ісіне үлес қосу, музей қорын толықтыру.

Әділбек СЫРЫМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT