Өнер қонған Нарын өңірі ардагерлерінің арасында жасынан өнерді серік етіп, жасы келсе де одан қол үзбей, ауданның қоғамдық-мәдени өмірінде белсенділіктерімен көзге түсіп жүргендері аз емес.
Жекелеген ардагер өнерпаздарымыздың жетістіктерін былай қойғанда, сол өнерлі аға буын өкілдерінен құралған бір өнер ұжымы – аудан ардагерлерінің «Мирас» домбырашылар оркестрі де өз тыңдармандарының көңілінен шығып, тамаша орындауларымен көпті қуантумен келеді.
Аталған өнер ұжымы облыстық өнер сайысында тағы бір шығармашылық жетістікке қол жеткізді. Исатай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жансих Маштахов «Мирастың» облыстық ардагерлер арасындағы «Ұлағат» аспапты ансамбльдер байқауында үздік өнер көрсеткені үшін ІІ дәрежелі дипломмен марапатталып, сый-сияпат та иеленгенінен хабардар етті.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР
Суретін түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ