Тұщықұдық ауылдық кітапханасында «Мирас» өлкетанушылар клубының мүшелерімен кездесу болып өтті.
Оған ауыл ақсақалдары, әжелер кеңесінің мүшелері, мәдениет бөлімінің қызметкерлері, тарих пәні мұғалімдері қатысты. «Мирас» өлкетанушылар клубының кездесудегі мақсаты туған жердің тарихын толықтыру арқылы жинақтар шығару, ұмыт болып қалған, шығарылған кітаптарға, жинақтарға енгізілмеген, бірақ ел аузында айтылып жүрген сынықшы, жыршы, балуан, қолөнер шеберлері, ат баптаған атбегілер, яғни қасиетті өнер адамдары туралы деректерді іздестіру, табылған ақпараттарды жинақтау, яғни жинақ шығару, толықтыру.
Кездесу барысында «Мирас» өлкетанушылар клубының жетекшісі Мәди Рақымұлы жоғарыда аталған клуб құрылғаннан бері өңіріміздің өткен-кеткен тарихы мен шежіресін жинақтау мақсатында біраз жұмыстардың қолға алынып жатқанын тілге тиек етіп, алдағы уақытта да бұл жұмыстар одан әрі жалғасын таба беретінін, егер ұмыт қалған немесе еленбей келген кейбір тарихи тұлғалар болып жатса, болашақ кітапқа ұсыныс етуге болатынын және осы жинақтың шығуына барлық клуб мүшелерінің бірлесіп атсалысулары арқылы ел тарихын келер ұрпаққа жеткізуге шақырды. Соңында өлкетанушылар қолөнер шебері Ақжүніс Боранбайқызының бұйымдар көрмесін тамашалады.
Алтынай ТІЛЕКҚЫЗЫ,
Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі