Аудандық музейде "Мирас" өлкетанушылар клуб отырысы өтті. Күн тәртібінде өткен жылдың есебі мен 2025 жылға арналған жоспар туралы және Жеңістің 80 жылдығына орай клуб мүшелерінің насихаттық-ақпараттық жұмыс шараларын белгілеу туралы мәселелер қаралды.
Осы екі мәселе бойынша "Мирас" клубының төрағасы Мәди Өтеғалиев хабарлама жасады. Оның айтуынша, өткен жылы "Мирас" өлкетанушылар клуб мүшелері көптеген жұмыстар атқарыпты. Атап айтсақ, төрт рет клуб отырысы өткізіліп, алдыңғы жылғы жұмыс қорытындылары және алдағы бағдар-жоспарлар, жобалар, белгіленген шаралардың орындалу барысы туралы талқылаулар өткен. Аудан тарихында орны бар кәсіпорындар, мекемелер тарихын зерттеу бағытында жұмыстар жүргізілген. Аудан әкімі Н.Мусинмен, клуб мүшелері Х.Ерғалиев музейінің жұмысымен танысу және ардагерлермен, мәдениет қызметкерлерімен кездесулер өткізілген.
М. Өтеғалиев облыстық мұрағаттың қалалық филиалында Новобогат ауданының 1941-1945 жылдарда соғыс кезінде тылда жасаған еңбектері жөнінде облыстық "Социалистік құрылыс", "Прикаспийская коммуна" газеттерінің тігінділерін қарап, жинақтаған, "Атырау өлкетану оқулары" 1-ші облыстық ғылыми-танымдық конференциясына 6 клуб мүшесінің баяндамасы әзірленіп, ұсынылған.
Баяндамалар конференцияның материалдары жинағына енгізілген. Елді мекендер тарихы зерделеніп, толықтырулар қолға алынған. Нарын өңірінің күйші-домбырашылары Сабыр Мұқатұлы мен Игібай Наушаұлының өмірі мен өнері жайлы жаңа деректер табылған. Сондай-ақ тыл ардагері, "Қызыл Жұлдыз" орденді Шипа Шұғайыпованың өмірі мен отбасы зерттеліп, жаңа деректермен толықтырылған. Аудан көлеміндегі есімі белгілі, бірақ ескерусіз қалған қасиетті адамдар, халықтық қолөнер дәстүрін жалғастырушылардың тізімі жасақталып, материалдар жинақталған.
Республикаға еңбегі сіңген ауыл шаруашылығы қызметкері, Ленин, Құрмет белгісі ордендерінің иегері, ауданның Құрмет азаматы Жұмабай Мүтиевтің өмір жолы жөнінде "Маңдай тер" атты кітабының тұсаукесер таныстырылымы өткізілген.
Қызыл үй, Жасқайрат мекендері тұрғындарымен, оқушыларымен, өлкетанушыларымен кездесулер өткізіліп, аудан аумағындағы киелі жерлерге, ескерткіш белгілерге саяхат ұйымдастырылған.
Қызыл үй, Жасқайрат елді мекендері аумағына өлкетанушылар жорығы кезінде Қызыл үй маңындағы қорымда орналасқан ескі құлпытастағы жазуды тарихи мұраларды зерттеу орталығындағы мамандарға оқыту нәтижесінде Құлкеш -Сады руынан Түсіптің (1801-1861) ұрпақтары Сапаевтар, Әбдіғалиевтар екені анықталып, белгі орнатылды.
Бір топ өлкетанушылар КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, атақты малшы Батан Ыбыраевпен кездесу өткізген.
"Исатай жастарының маршы" әнінің авторлары ( сөзі махамбеттік Теміржан Есенғалиевтікі, әні, исатайлық Жанболат Ғұбайдуллиндікі) екені анықталған.
Клуб мүшелері А. Сағынғалиға оқушыларының әлеуметтік жоба байқауынан қатысуға материалдармен көмек берілген.
Клуб мүшесі, қолөнер шебері А. Боранбаева облыстық "Алтын қолтаңба" ардагерлер арасындағы қолөнер шеберлерінің облыстық байқауына қатысып, 100 мың теңге сыйлыққа ие болған.
Клуб мүшелері М. Бектенов, М. Өтеғалиев Нарын құмындағы дін ғұламасы, әулиелігі аңыз, мешіт ұстап, ағартушылық қызмет атқарған Жұбан молда Жүрдібекұлының (1834-1923) 190 жылдығына орай Жаңақала ауданында ұйымдастырылған шараға шақырылған. Клуб мүшелерінің баспасөзде 44 мақаласы жарияланып, төрт мүшесі жаңадан қабылданған. Сонымен бірге "Атырау өлкетану оқулары" 1-ші облыстық ғылыми-танымдық конференциясына қатысқан төрт клуб мүшесі М.Өтеғалиев, М.Насиханов, А.Салихов, Л. Қызыл, С. Қойшекен, А. Бақытжанова сертификатқа ие болған.
Сондай-ақ клуб отырысында төраға М.Өтеғалиев аудандық музейі жанындағы "Мирас" өлкетанушылар клубының 2025 жылға арналған жұмыс жоспарымен де егжейлі-тегжейлі таныстырып, клуб мүшелеріне сәттілік тіледі.
Аяпберген Салихов
"Мирас" клубының мүшесі