Еңбек – адам өмірінің мәнін айқындайтын ұлы құндылық. Өмір жолында түрлі мамандықтарды игеріп, әр істі шын жүрекпен атқарған жан ғана қоғамға да, ұрпағына да өнегелі із қалдырады. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ел игілігіне қызмет етіп, маңдай терімен абырой тапқан адамдардың өмірін дәріптеу – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Сол еңбек адамдарының қатарында туған жерінің тіршілігіне жан бітіріп, қарапайым еңбектің күшімен құрметке бөленген қамысқалалық Рахметов Меңдігерей Дүйсеғалиұлы да бар.
1955 жылдың 4 қазанында дүниеге келген Меңдігерей ағамыз жастайынан еңбекке бейім болып өсті. 1972 жылы Амангелді атындағы орта мектепті тәмамдағаннан кейін-ақ үлкен өмірге қадам басып, Ақтөбе облысындағы «Кең Қияқ» мұнай бұрғылау кен орнында бұрғышы болып, 1974 жылдың мамырына дейін адал қызмет етті. Кейін әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын өтеп, 1976 жылы туған ауылына оралды. Сол жылы «Жайық Мұнай» кен орнында оператор қызметін атқарып, еңбек жолын жалғастырды.
1980 жылдары Меңдігерей Дүйсеғалиұлы «Новобогат» кеңшарында жүргізуші болып жұмыс істеп, кеңшар тарағанға дейін механизатор, дәнекерлеуші секілді сан түрлі міндеттерді де жауапкершілікпен орындады. 1996 жылдан бастап «ТеңізШевройл», «ДРСУ», «ҚазПетроТранс» компанияларында білікті дәнекерлеуші ретінде қызмет етіп, зейнет жасына дейін осы мамандықтың шынайы шебері атанды.
— Қай мамандықтың жаманы жоқ, бәрін сүйіспеншілікпен қабылдадым. Әсіресе дәнекерлеуші мамандығы жаныма жақын болды. Әскерде жүргенде меңгерген бұл кәсібім уақыт өте бағаланып, халықаралық сертификатқа ие болдым. Бүгінде де ауыл ішінде қажет болған жерде дәнекерлеу жұмыстарымен көмектесіп, ел игілігіне қызмет көрсетуді тоқтатқан емеспін. Туған ауылымда өз қолтаңбам бар деп айта аламын, — дейді ол.
Зейнеткерлікке шықса да, Меңдігерей Дүйсеғалиұлы – қол қусырып отыратын жан емес. Жеке шаруашылығы, бау-бақшасы, мал-егін жұмыстары – оның күнделікті өмірінің бір бөлігі. Қолымен күтіп-баптаған жеміс ағаштарының кейбірі 40–45 жылды артқа тастап, бүгін ұрпағына жемісін беріп отыр. Сонымен қатар өзек бойындағы 1 гектар жерге тал егіп, «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген қағиданы берік ұстанып, ауыл экологиясын жақсартуға үлес қосып келеді. Жайқалған гүлдері мен көгалдары жазда ауылдың ажарын ашып, отбасы «Гүл мен жасыл желек» номинациясында бірінші орынды иеленген.
Бау-бақшасына еккен қауын-қарбыз, асқабақ, сәбіз, картоп, қияр, қызанақ, жүзім, құлпынай секілді сан алуан өнім – оның еңбегінің берекесі. «Өнімім табиғи, таза болсын» деген ниетімен әр дақылға ерекше көңіл бөледі.
Меңдігерей Дүйсеғалиұлы-ның өмір жолы – әр мамандықты қадірлей білген, еңбектің шынайы бағасын түсінген жанның тағылымды ғұмыры. Оның тәжірибесі мен өмірлік ұстанымы мамандықтың үлкен-кішісі болмайтынын, адал еңбек қана адамды абыройға жеткізетінін айқын дәлелдейді. Туған жеріне, отбасына қалдырар ең үлкен мұрасы да – осы.
Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ


