Үміт сыйлаған жоба

 

Атырау өңірінде мүгедектігі бар жандардың құқықтарын қорғап, олардың қоғамға бейімделуіне, шығармашылық пен спорт арқылы өзін-өзі танытуына жол ашып жүрген ұйымдардың бірі – «Біз де адамбыз» қоғамдық қоры. 

Бұл ұйым ерекше қажеттілігі бар азаматтардың өміріне үміт пен сенім ұялатып, тағдырдың сын сағаттарынан өткен жандарға жаңа мүмкіндіктер ұсынып келеді.Жақында аталған қордың жоба жетекшісі Жұмабек Жұмалиев   ауданымызға арнайы келіп, пробация есебінде тұрған азаматтармен кездесу өткізді. Бұл жиынға аудандық мансап орталығының басшысы Бақытгүл Сапарғожиева, отбасы қолдау орталығының басшысы Гүлнәр Хайрденова, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қатысты.

 Кездесудің басты мақсаты – өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға әлеуметтік, психологиялық және кәсіби тұрғыдан көмек көрсету. Бұл жоба Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының тапсырмасы аясында жүзеге асуда. Көмек көрсету бағыттары бірнеше маңызды саланы, соның ішінде  білім және мамандық алу, жұмысқа орналастыру және қайта оқыту, медициналық көмек көрсетуді (МӘМС және кепілдік берілген көлем аясында) қамтиды. Ол туралы жоба жетекшісі өз сөзінде былай деп тілге тиек етті.

 

 

– Азаматтардың бұл санаты орта білім алуға құқылы. Осы құқықты жүзеге асыру үшін қалалық білім бөліміне жүгіну қажет. Қыркүйек айында осы санаттағы 20 жұмыссыз азамат еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға, оның ішінде құрылыс, жиһаз жасау сияқты техникалық бағыттағы жұмысшы мамандықтарына қысқа мерзімді курстарда оқуға қабылданды. Бұл курстарға мүгедектігі бар жандармен қатар пробация есебінде тұрған адамдар да қатысып, кейін тұрақты жұмысқа орналаса алады. Сонымен қатар олар психологиялық қолдау мен заң аясындағы көмек түрлерін де ала алады,-деді ол өз сөзінде.

Мұндай әлеуметтік жобалар – қоғамның адамгершілік бейнесін айқындайтын маңызды қадам. Себебі әрбір азаматтың өмірге қайта бейімделуі мен өз орнын табуы – ел дамуының кепілі.


    
Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT