Денсаулық – әр адамға берілген ең қымбат қазына. Сол қазынаны қорғау үшін мемлекет түрлі тетіктерді іске асырып келеді. Соның бірі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС). Жүйенің мақсаты айқын болғанымен, халық арасындағы көзқарас әрқилы: бірі «сапалы медициналық қызметке жол ашты» десе, енді бірі «қалтаны қағумен шектелді» деп сын айтады. МӘМС туралы әңгіме қозғалғанда көңілде күдік пен үміт қатар жүреді. Қарапайым халық үшін бұл – әрі сенім, әрі күдік тудырған жоба. Бір жағынан, денсаулық сақтау саласын дамытудың жаңа мүмкіндігі болса, екінші жағынан, түсіндірудің жеткіліксіздігі мен жүйедегі олқылықтар жұртты ойлантады. Осы орайда «МӘМС-тің шын мәнінде көздегені не? Оның тиімді тұстары қайсы, қай жағынан сынға ілігуде?» деген сауалдарға жауап алу үшін біз «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Сәлимғали Ғаниет Нұрымұлымен сұхбаттастық.
– Қайырлы күн, Ғаниет Нұрымұлы. Ең алдымен, көпшіліктің көкейінде жүрген басты сауалға тоқталсақ, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің негізгі мақсаты қандай?
–Сәлеметсіз бе, иә, жалпы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің басты мақсаты – азаматтардың денсаулығын қорғау үшін медициналық көмекті барлығына қолжетімді және сапалы ету, сонымен қатар денсаулық сақтау жүйесін тұрақты қаржыландыру арқылы оның тиімділігін арттыру. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі елімізде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілді. Оны жүзеге асырудың арқасында елімізде денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемі айтарлықтай, яғни 2,5 еседен аса ұлғайды. Бұл бүгінгі таңда медициналық көмек түрлерінің көбеюіне, олардың халыққа қолжетімдірек болуына, азаматтардың медициналық қызметтердің жалпы сапасына қанағаттану деңгейінің көтерілуіне де әсер етіп отыр деп есептейміз. Жалпы, МӘМС жүйесі келесідей принциптер негізінде құрылған. Ең алдымен, әлеуметтік бағыт – мемлекет 15 жеңілдетілген санаттағы 11 миллионнан астам азаматқа жарна төлейді. Олардың қатарында балалар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, зейнеткерлер, ресми тіркелген жұмыссыздар мен мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алушы жұмыс істемейтіндер және тағы басқалары бар. Екінші принцип – ортақ жауапкершілік. Бұл – халықтың денсаулығына мемлекет, жұмыс берушілер және азаматтар жауапты деген сөз. Кейбір азаматтардан «еңбекақымнан ай сайын жарна ұсталады, бірақ бір рет те ауырып дәрігерге барған емеспін, ақшам қайда кетті?» дегенді естиміз. Алайда, ол қаражат баласына, зейнеттегі ата-анасына, туыстарына жұмсалуы мүмкін. Демек, ол ортақ жауапкершілікке қызмет етеді. Тағы бір принцип – медициналық көмек барлық азаматқа теңдей қолжетімді болуы, яғни әрбір сақтандырылған азамат төленген жарналардың мөлшеріне қарамастан қажетті көлемде медициналық көмек алуға құқылы. Осы жерде бір маңызды қағидатқа тоқталсақ, ол – науқастардың құқықтарын қорғау. Қор медицина ұйымдарына медициналық қызметтер үшін қаржыны көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізгеннен кейін ғана төлейді. Медициналық ұйым дәрігерлік көмекті дұрыс көрсетпегені анықталса, оған тиісті шаралар қолданылады, мәселен, айыппұл салынады.
Жалғасы газеттің №33 (4246) санында
Жайна МӘЛІМҚОЖА