Елдің ырысын еселеп, экономиканың локомотивіне айналған «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы жыл сайынғы дәстүрге сай Наурыз мерекесін ерекше сән-салтанатпен атап өтті. Бұл жолғы ұлық мейрам «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты Оңтүстік Батыс Қамысты кен орнында «Наурыз – ынтымақ, ырыс қазығы» атты ауқымды шарамен өрнектелді,-деп хабарлайды «Нарын таңы» газеті.
Кен орнындағы көктемнің жаршысындай болған бұл мереке Амал күнімен тұспа-тұс келіп, мұнайшылардың еңбекке толы күнделікті өміріне қуаныш пен шаттық сыйлады. Ұлттық құндылықтарға негізделген дәстүрлі мерекеде ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, қазақы нақыштағы көріністер жасалды.
Мерекелік шараны Исатай ауданы әкімінің орынбасары Нұрғайша Абежан құттықтау сөзімен ашып, жиналғандарды Амал мерекесімен құттықтады. «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Абат Құтжанов сөз сөйлеп, компанияның 2025 жылға арналған ауқымды жоспарларына тоқталды.
-
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамының алғашқы күні Амал мерекесі құтты болсын! Бұл көктемнің жарқын мерекесінде баршаңызға амандық, елімізге тыныштық тілеймін. Сондай-ақ, қасиетті Рамазан айында ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын! Биыл «Жайықмұнайгаз» басқармасы ауқымды жоспарларды жүзеге асыруды көздеп отыр.Тайсойған кен орнында да қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстардың барлығы – ұйымшылдық пен бірлескен еңбектің нәтижесі. Өндірісті дамытып, келешек ұрпаққа мұнай-газ саласының берік негізін қалдыру – басты міндетіміз,-деді ол өз сөзінде.
Содан соң салтанатты жиын барыында «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы Жасұлан Беркалиев мұнайшылардың еңбегін жоғары бағалап, оларды көктемнің шуақты мейрамы – Амал мерекесімен құттықтады. Ол ұжымның ынтымағы мен табысты жұмысының өңір дамуына қосқан үлесін атап өтіп, әр шаңыраққа бақ-береке, ырыс-ынтымақ тіледі. Одан кейін құттықтау сөз алған ардагерлер кеңесінің төрағасы Насыр Дауылбаев да бұл мейрамның халқымыз үшін маңыздылығына тоқталып, ұрпақтар сабақтастығы мен дәстүрдің жалғасын табуына тілектестік білдірді. Сондай-ақ, «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының кәсіподақ комитетінің төрағасы Болат Нысанбаев да жылы лебізін арнап, еңбектің игілігін көру мен ырысты, тыныш өмір сүру – ел бірлігі мен татулығының арқасы екенін ерекше атап өтті. Жиынға қатысушылар бір-біріне ақжарма тілектерін арнап, құт-берекеге толы жаңа жылдың жарқын бастамаларға толы болуын тіледі.
Мерекелік думан қазақтың ұлттық ойындарына ұласты. Арқан тартыс, асық ату, ләңгі тебу, гір тасын көтеру және садақ ату сияқты сайыстарға кен орнының мұнайшылары белсене қатысты. Дене қуатын ғана емес, шыдамдылық пен бірлікті талап ететін қой көтеру жарысы да ерекше қызығушылық тудырды. Жарыс қызған сайын мұнайшылардың қайраты мен жігері айқын көрінді. Әрбір сайыс барысында жанкүйерлер өз командаларын қолдап, ерекше рух беріп отырды. Амал мерекесінде өз ісіне адал, еңбегімен ерекшеленген мұнайшылар арнайы марапаттарға ие болды. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хатымен “Жұмысшы мамандықтары жылы” аясында өткен “Жұмысшы мамандықтары қаласы” фестивалін жоғары деңгейде ұйымдастырып, өткізуге белсене қатысып, зор үлес қосқаны үшін Дастан Әділбекұлы марапатталды. Сондай-ақ «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының Құрмет грамотасы мен алғыс хаттары кен орнының үздік қызметкерлеріне табысталды. Олардың қатарында:Гүлнар Өтегенова, Есенкелдин Ерлан, Нәби Даулет, Хайров Дүйсенбі, Өтешқалиев Тілекқабыл және Туралиев Адилхан, Қисыметов Асқар, Мұханбетқалиев Бауыржан, Қабешов Өтеміс, Мәжитов Рауан, Жагпарова Зару және тағы басқа майталман мамандар бар. Бұл марапаттар – мұнайшылар еңбегінің еленуі мен құрметтелуінің айқын көрінісі.
Кеш мерекелік концертке ұласып, кен орнының еңбеккерлері өз өнерлерін ортаға салды. Қазақ даласының қос өзені – Еділ мен Жайықты жырға қосқан Ілья Жақановтың әні қалықтағанда, мұнайшылар туған өлкеге деген перзенттік сүйіспеншіліктерін сезінді. Әсем әнді жүрек тебіренте орындаған Ералы Нүркеннің дауысы жиналған жұрттың құлақ құрышын қандырды. Ал, сахна төрінде Саябек Досов «Елге сәлем» әнін нақышына келтіріп орындап, тыңдармандарды туған жердің әр тасына, әр бұтасына деген сағынышқа бөледі. Күй күмбірімен жалғасқан мерекеде Қанат Сыйыхов пен Дархан Ғұмаров «Ерке сылқым» күйін орындап, дәстүрлі өнердің тұнығына бойлатты. Мерекелік кешті «Әз Наурыз» әнімен Қайрат Әбділдаев әрлесе, Бахитова Гүлбану Кеңесбайқызы әуелете шырқаған «Алғыс» және «Билеші, биле» әндері кештің шырайын аша түсті. Мұнайшылар өнерге де жақын екендерін көрсетіп, мерекені ән мен күйдің әсем әуеніне бөледі. Осындай ауқымды әрі мазмұнды шаралар мұнайшылардың еңбекке деген құлшынысын арттырып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға, еңбек адамының мәртебесін көтеруге септігін тигізеді.
«Ембімұнайгаз» ұжымы жыл сайын Наурыз мерекесін ерекше мән-мағынамен атап өтуді дәстүрге айналдырған. Бұл – еңбек пен дәстүрдің, ынтымақ пен ырыстың жарасым тапқан айшықты көрінісі. Мереке соңында мұнайшылар бір-бірімен төс қағыстырып, ізгі тілектерін жаудырып, ырысты жылға деген үміттерін білдірді.
Ж.ИСЛАТ