Мұнарадағы мазмұнды сурет

 

Аққыстау ауылы... Бір кездері ол осы жерді бұрыннан қоныстанып келе жатқан бірді-екілі жекелеген отбасылары мен теміржолшылар ғана тұрғындары ретінде тіркелген шағын елді мекен еді. Жылдар көшінде ажарланған ауылда аудан әкімдігінің қолдауымен көне мұнараның қабырғасында пайда болған мазмұнды сурет те көптің назарын өзіне аудара түсті.

Ауыл хақында аз дерекке үңілсек, бұл – 1970 жылы Аққыстау теміржол бекеті пайдалануға беріліп, осы жерде алғаш теміржолшылардың қызыл тастан қаланған төрт корпус үйі бой көтеріп, кейін бастауыш мектеп, дүкен үйлері салынып, тұрғын теміржолшылар саны арта түскен кезден берідегі тарих. Сол кездегі жүздеген тұрғын саны қазір мыңдаған адамға көбейген Аққыстаудың іргетасы қаланғанына да жарты ғасыр толып, шығысында Қаратүбек елді мекенімен қосылып, батысында Шыныбек елді мекеніне дейін созылып, солтүстігінде Өркенмен «өрісі кеңіп», оңтүстігі қара сулы каналдармен шектесті. 

Білетіндердің айтуынша, сол уақыттың тәртібінде жаңадан пайдалануға берілген теміржол бекеттеріне жақын маңда орналасқан елді мекендердің атын беру үрдісі болулы. Сөйтіп бекеттен төрт-бес шақырымдағы қазіргі Тұщықұдық ауылының сол кездегі Аққыстау атауын жаңа бекет те еншілеген екен. Кейін бекет станса болды, негізінен теміржолшылар мен мұнайшылар мекен еткен жаңа қоныс Аққыстау жұмысшылар поселкесіне айналды, бүгінде үлкен бір ауданның орталығы.

Уақыт көшінде жылдар озған сайын жаңарып, жаңғыра түсіп, заманауи жаңа құрылыстармен ажарланған Аққыстауда сол алғашқы жылдардағы ауыл тарихының бір куәсіндей болып тұрған нысандар да жоқ емес. Солардың бірі ауыл алғаш құрылған жылдардан бері халыққа қызмет етіп, тұрғындары мен кәсіпорын-мекемелерге үзіліссіз ауыз су беріліп келген мұнара болатын. Содан берідегі уақыт бедері аталған мұнараның сырт келбетіне өз ізін қалдырып, ескірген бейнесі көңіл қоңырайтатыны да расты.

Осы бір шағын жарияланымға себепші болған да сол теміржол вокзалына таяу тұрған нысан. Жуырда, теміржолшылар мерекесі қарсаңында, аталған нысанның сырт келбеті қайтадан жаңғыртылып, әрленді. Мұнара қабырғасында оңтүстігінде Каспийдің толқыны, солтүстігінде Нарын құмы, екеуінің арасынан күре жолдың бойымен Аққыстау стансасына келіп тоқтаған пойыз бейнеленді. Қараса көз тартарлық осынау әсем көріністің авторы – Жанбай ауылында дүниеге келген суретші жерлесіміз Мейірбек Бахтияр. Өнер иесі жөнінде аз әңгіме өрбіте кетсек, ол Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының түлегі. 2006 жылы аталған білім ордасының кескіндеме бөлімін бітірген. Су тарату мұнарасындағы суретті сол академияда білім алып шыққан бауырлары Асылбек Бахтияр мен Мирас Джангужиев үшеуі айналасы он күннің ішінде салып бітірген екен. Айтуынша, бұлардың «Бозай» ЖШС 2014 жылдан бері осындай кескіндемелік жұмыстармен айналысып келеді, Атырауда 2017 жылдан бері жұмыс жүргізіп, он қатарлы үйлерге дейін, көпірлердің астын, мұнаралар мен басқа да нысандарды тапсырыс негізінде әрлеу жұмыстарымен айналысып келеді екен. «Тапсырыстар болып жатса, туған ауданымыздың ажарына өз үлесімізді қосуға дайынбыз» деген Мейірбек бұл олардың ауданымыздағы алғашқы жұмысы екендігін де тілге тиек етті.

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT